Өлеңдер ✍️
ҚАРА ҚҰЛЫП
Шынымды жұрт көрсетті жала қылып,
Кеудемнен сезім көшіп, барады ұлып.
Келсемде ақ көңілмен алып-ұшып,
Қарсы алды жабулы есік, қара құлып.
Жүректі тілім-тілім жара қылып,
Сананы құлазыған дала қылып.
Барады ботадайын боздап, әне,
Жайлауынан үркіген жаралы үміт.
О, неткен жарасымды бала қылық!
Осы еді-ау, кезікпеген дара қылық!
Осы еді –ау өлеңімді өрт қылатын,
Осы еді –ау жіберетін дана қылып!
Арманның ақ сәулесін пана қылып,
Тағы да қия алмаған қарады үміт.
Талып қаққан есігім осы еді ғой,
Қайдан ғана іліндің қара құлып!
Жәудіреген сұлудың жанары қып,
Гүлзар бақтан ескен таң самалы қып.
Аңсарымды тым терең жасырыпты
Кедергілер құрыпты қамалы қып.
...Маңдайыма шық болып тамады үміт,
Қайта оралды-ау, талпынып, сан арылып.
Жақсылыққа жанарым ұмтылса да,
Қараңдайды алыстан қара құлып!...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter