Өлеңдер ✍️
ЖАЙЫҒЫМ-АУ, БАСЫҢНАН БАҚ ТАЙҒАН БА ?
Жайығым-ау, басыңнан бақ тайған ба,
Арнаң толып ағатын шақтар қайда?
Сенен шабыт алатын ақындығым,
Толқыныңдай тербеліп жатқан бойда!
Жайығым-ау, басыңнан бақ тайған ба,
Серпілуші ем суыңнан татқан бойда.
Кермек бір дәм таңдайды қуырғандай,
Ғалымдардың сарабы жатқанда ойда!
Жайығым-ау, басыңнан бақ тайған ба,
Жағаңа кеп жазылар хаттар қайда?
Қайда кеткен ғашықтар ескек ескен,
Жан толқытар баяғы ақ таң қайда?
Табанда аққан өзегің үзілердей,
Неге солдың көңілдің күзі келмей?
Ақ Жайықсыз қалай жұрт ауызға алар,
Күй төгілткен ұлы елді біздің елдей?!
Талай үміт күдерді үзді, кетті,
Сен тұрғанда сезбес ем күзгі лепті.
«Ақ Жайықтың ұлы едім» дегенімде,
Әлі күнге сұрайды ел Қыз Жібекті!
Ақ Жайық талай демеп, жебеген-ді,
Айтамын енді жұртқа неменемді?
Сұрайды аңсары ауып Сансызбайды,
Сұрайды Жібек сүйген Төлегенді.
Бәрі бір Бекежанның кесірі деп,
Өлгені жыршылардың шешімі деп,
Ойлайды әлі күнге қос ғашықты,
Тербейді махаббаттың бесігі деп.
Үстінде Ақ Жайықтың кең қайықта,
«Жібекжан, бұйырма, деп, енді айыпқа.»
Қиылады Төлеген, ал жағада,
Ақбоз ат жүр жайылып бидайыққа.
...Жайық деген ақ арман, ақ ертегі,
Жайық деген қазақтың таңертеңі.
Жайық деген қазақтың мақтаны ғой,
Ақ Жайықтың қай теңіз болар теңі ?!
Жайық деген қазақтың ізгі арманы,
Жайық деген қазақтың қызғалдағы.
Жайық деген жігіттің алғырлығы,
Жайық деген ақ тілек қыздардағы.
Жайық деген қазақтың жастық шағы
Махаббаты, сағынып- аптыққаны.
Ұмытылмас бақыты сыңғырлаған,
Татқан дәмі сияқты аштықтағы!
Жайық деген қазақтың қайсарлығы,
Кең пейілі, ниеті, жайсаңдығы.
Жайық деген шежіре , тұнған тарих,
Жайық деген қазақтың күй-сандығы!
...Қаймақ салып , құрметтеп құйса шайды,
Әр тумасын ол жақтың «күйші» атайды.
Арқаланып, сұрайды, құралайда,
Қалай судан өтті деп, Исатайды?
Жаным күйіп, шырқырап, жазам кепті,
«Жайық азды» дегелі мазам кетті.
Асу бермес айдын деп білетін жұрт,
Қылыштай қып қайраған Махамбетті.
Ақ Жайықсыз қазақтың күні қараң,
Махаббатсыз, армансыз тұлып адам.
Ақ Жайығым ақтаңдақ болып жатса,
Нем қалды көкке қарап ұлымаған ?!
Ұлы арманың құласа қайтер едің,
Ұландарың жыласа қайтер едің?
Сары далада бір жұтым суға зар боп,
Құландарың сұласа қайтер едің?!
Осы шығар тағы бір сыналарың,
Тыңда, жұртым, Жайықтың жылағанын!
Жайық ұлттың түсі ғой қуанатын,
Қиялы ғой, сүйсініп, жұбанатын!
Бір сынақ тұр, сынақ тұр қиын алда,
Қорғауға Жайықты жұрт жиылар ма?
Мол қаражат бөлініп құтқаруға,
Сол қаражат өзіне бұйырар ма?
Әкем-дағы, анам да өзің едің,
Енді қайтіп уайымсыз көз ілемін?!
«Жайық солды» дегенге көне алмаспын,
Не қиындық, қайғыға төзіп едім!
Толқының да тербеліп өсіп едім,
Беу, Ақ Жайық , тербеген бесік едің.
Қара түндей қайғыңды бөліспесем,
Қалай ғана өзімді кешіремін?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter