Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  158


Автор: Серік Жетпісқалиев

ДАРХАН ҚЫЛҒАН ДАЛА ШЫҒАР...

(Жалғасбек Маратұлына)
Қайдан келген сонша кеңдік, дархандық,
Қайдан келген сонша салдық, салқамдық.
Кісілікке қуанасың баладай,
Бейшараны жібересің талқан қып!
Жамандардан сәлем алмас кідіріп,
Қайдан келген осыншалық ірілік?!
Мұндай, мәрттік қайдан келген, қарағым,
Келгендей-ақ ер Махамбет тіріліп?!
Қарамайтын дүниенің көзіне,
Бұл жомарттық қайдан келген өзіңе?!
Көре қалсаң бір жігіттің ездігін,
Күйзелесің, күйіп-жанып, езіле!
Сұлулыққа құмартасың шынайы,
Іздегенің құзар шыңдар ұдайы.
Отырасын мейрамхана төрінде,
Шапқан сайын, шапқан сайын тыңайып!
Сыр ғып айтып, сезімдерді мөлт еткен,
Сағына еске-ап, достарыңды ерте өткен.
Отырасың алып-ұшып, алаулап,
Осыншама сені кім, ей, ерке еткен?!
Алматының ақ таңдарын аялап,
Бал-бұлақты гүл бақтарын саялап
Арман қуған жас жігітсің әлі сен,
Жаны жасқа жылдар қалай таямақ?!
Өзің бе екен, осы жолды таңдаған,
Сұңқардайсың көкті тіліп самғаған!
Күйкі тірлік түсірмеген көлеңке,
Уа, Жалғасбек, мәртігіңе таң қалам!
Далаң шығар дархан қылған, шамасы,
Анаң шығар салқам қылған, шамасы.
Қайсар қылған халқың шығар-қара орман,
Ұлтқа ұстаз Ахметтей баласы!..
Жомарт қылған жерің шығар, жарықтық,
Жұққан шығар Ғафаңдардан алыптық.
Жусанына тарттың бәлкім еліңнің,
Әр түбінің қауқары бар қазықтық!
Ал арманың… ақшақардай арманың,
Еске салар сары даланың таңдарын.
Дала аспаны шөкім бұлтсыз болатын,
Содан бәлкім кіршіксіз жол таңдадың!
Беу, Жалғасбек, арман қуған, ән қуған,
Беу, Жалғасбек, құс салдырған, сән қуған.
Ешқашанда кір шалмасын көңілің,
Ешқашанда сарқылмасын ән-думан!
Құтты болсын, келген мынау елуің,
Алпаң басып келудей-ақ келуің!
Үзілмесін жақсылыққа сапарың,
Ұзақ болсын қызыл-жасыл шеруің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу