Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  158


Автор: Серік Жетпісқалиев

АДАМДЫҚТЫ ТУ КӨТЕРГЕН ЕСТІ ЕДІҢ!..

\Қуандық Әскерұлының рухына\
Белден кешіп жүрдің-дағы ғұмырды,
Алпыс бірден аса беріп жығылдың...
Қайғырсам да сенің қайсар қалпыңды,
Қайыра бір ұғындым!..
Сенің тұлғаң талай мәнді ұқтырар,
Есіміңді естіген жұрт тік тұрар.
Бәйтерек боп, жапырағы жайқалған
Тұрған бойы құлайды екен мықтылар!
Жоқтығыңа кім күмәнсіз сенердей,
Күтудеміз, қазір кіріп келердей.
Жүре бердің ой түюге үлгертпей,
Қысқа ғұмыр кешер қыран, дегендей!
..Бізге мәлім, сұлтандай боп өскенің,
Сен жоқшылық күйін мүлде кешпедің.
Соғыс көрген әкең сенің қалады,
Айдарыңнан бақыт желі ескенін!
Адалдықтың жолын қия кеспедің,
Адамдықты ту көтерген есті едің.
Бір көргеннің жадында қап мәңгілік,
Санасынан өшпедің!...
Қамқор едің қарындасқа, ініге,
Жолдас едің жаманға емес, іріге.
Көкті тілер жасын еді мінезің,
Тәнті едік тас жаратын тіліңе!
Жас күніңнен атқа мінген би едің,
Қыбын таптың екі тарап, жүйенің.
Бірақ сенің болатұғын өз жолың,
Әлеміңнің алдырмадың сүйемін!
Шашасына шаң жұқтырмас текті едің,
Мына өмірдің кілтін тапқан, епті едің.
Құрметтеген елің, халқың алдында,
Содан ба еді, патшадай боп кеткенің!..
Қайда жүрсең еркін билеп-төстедің,
Мігір көріп, беліңді бір шешпедің.
Мәрттігің бе, деп ойлаймын,тік жүріп,
Ана өмірге аяқ асты көшкенің!
Белден кешіп жүрдің-дағы ғұмырды,
Алпыс бірден аса беріп жығылдың.
Аға деген асқар таудан айырылып,
Айдалада қалғанымды ұғындым.
Дара туған дарақтардың бірі едің,
Алдымызда көшті бастап жүр едің.
Жаның болсын жәннатта аға, ардақтым,
Ұлы Алладан осы ендігі тілерім!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу