Өлеңдер ✍️

ӘЛІ ІЗДЕП ЖҮРМІН ӨЗІМДІ
Шыңдарға тігіп көзімді,
Қылыштай қайрап төзімді.
Тал түске келіп қалсам да,
Әлі іздеп жүрмін өзімді.
Білем деп бәрін, өрекпіп,
Өзгеден мен деп,ерекпін,
Арманның алыс таңына,
Қамданбай тұра жөнеппін.
Жол үсті білдім мән-жайды,
Тасқа ұрдым талай маңдайды.
Бір жұтым суға зар болып,
Кептірдім талай таңдайды.
Кез қылдым жақсы, жаманды
Ғұлама менен наданды,
Біреуі алға сүйресе,
Кетірді бірі бағамды.
Өнерге кетсем өңмеңдеп,
Алқын да жұлқын ербеңдеп.
Ұятым шықты алдымнан,
Жолымды кесіп, көлбеңдеп.
Тақуа болсам, монтаны,
Іздеді жаным ортаны.
Түбіне түссем ілімнің,
Сезімім сыртта қорқады.
Келгенмін мен де, кетем ғой,
Дүние мәңгі мекен бе?
Өмірдің мәнін жас жетпей,
Ұға алмайсың да екен ғой!
Кімге айтсам сенер сөзімді,
Өзіне әркімнің өзі үлгі.
Ноқталап алып төзімді,
Әлі іздеп жүрмін өзімді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇