Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  111


Автор: Серік Жетпісқалиев

САНДУҒАШТАЙ САЙРАЙ БЕР, ҒАЗИЗА ҚЫЗ!..

(ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенқызына)
Қанаттары қиялдың кірлегенде,
Қалам мұңға сүрініп, жүрмегенде.
Көңіл жаяу қалғанда күбіжіктеп,
Күйкі тірлік басынып, күндегенде!
Ешкім біліп шығармай мінбелерге,
Сиқырланып сұлулар күлмегенде.
Қайран шабыт қамығып, қара басып,
Үміт біткен байланып, іргелерге!
Қара бұлтын қақ жарып аспанымның,
Қайта жағып жұлдызын жас шағымның.
Сахнадан Ғазиза ән салады,
Жолын жалғап жазылар дастанымның!
Қырық жанды, сірәда, қажи ма қыз,
Гүл көктемге айналар жазираңыз!
Тау тербеліп, күн күліп, теңіз толқыр,
Шымырлатып ән салса Ғазиза қыз!
Тағдырында білмеймін қалың ба мұз,
Жылынамыз ол жаққан жалынға біз.
Серпілдіріп, сергітіп, алға сүйреп,
Жылдар бойы келеді Ғазиза қыз!
Тот баспайды, қонбайды дарынға күз,
Талай шалқып, шуаққа малынғанбыз.
Сандуғаштай сайрай бер, бозторғай қыз,
Күміс көмей, жез таңдай Ғазиза қыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу