Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
17.06.2022
115
БІР СЫЗАТ ТҮСЕР МЕ ЕКЕН ШЫДАМҒА АҚЫР
Бір сызат түсер ме екен шыдамға ақыр,
Айтылмай көкейімде бір ән жатыр.
Жалғанның жолын түзу жүре алмадым
Қойнымда қатын емес, жылан жатыр!
Дүниең әргі-бергі Құранда тұр,
Соқырға қызыл-қызық сылаңдап жүр.
Түсінген парқын тірлік дегеніңнің
Ақыл-ес ағыл-тегіл жылап жатыр!
Білмеймін бет пердені бұзам ба ақыр,
Қиялым құлап өлер құзарда тұр.
Түнімен сейіл құрған сері нәпсі
Түбінде бәйтеректің сұлап жатыр.
Айтылмай көкейімде бір ән жатыр,
Ақылым әр қадамды сынап жатыр.
Төбемде қамқор болып бір Алла тұр,
Көңілге Құран сөзі ұнап жатыр...
Жауар ма күтіп, тосқан шыдамға нұр,
Ұлы Алланың назары құлар ма бір.
Тірліктің арбауынан аттап өтіп,
Дүние-ай, намаз оқып тұрам ба, бір?!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter