Өлеңдер ✍️
ӘСЕР
(Әбсаттар Дербісәлі хазіретке)
Жанмен сезіп мына өмірдің ызғарын,
Жүрек талай шуақ көрмей мұздады.
Қу тірліктің қызықтары сабылтып,
Шаршағанбыз у мен шудан біз-дағы.
Өтпеліні өтпейтіндей қызғанып,
Өткелі жоқ жағалауға жүз барып.
Жүрген кезде...шамшырақтай жандыңыз
Болмысы ерек, әлемі үлгі Сіз дарын.
Іштей ұғып түйгенімнің жаңсағын,
Бейбіт,тұнық әлемге ауып аңсарым.
Сізді көріп «Алла» деген алаңсыз,
Сіздей болып дінге ұюды аңсадым.
Он жетімде сабақ берген ұстазым,
Сезетінбіз бойыңда ерек күш барын.
Білім, мінез, күншуақтай мейірім...
Тағы келіп ең асыл жол нұсқадың!
Өмір мәнін ұғындырған ұстазым,
Көзім көрген,емес сөзім ұшқары.
Шын зиялы өзің едің, кіршіксіз,
Кірлетпеген Кеңестің де қыспағы.
Жүрген жерің сияқты еді жерұйық,
Дәрісіңді тыңдаушы еді ел ұйып.
Жасыңнан-ақ бөленгенсің құрметке
Жаратқанның түскен екен пейілі!..
Көп жылдан соң кездескенде қуандым,
Сейілгенін сездім тұман, мұнардың.
Тіршіліктің көшіп тура жолына
Сізге амандық бір Алладан сұрармын.
Иманға ұйып, еріп сенің соңыңнан,
Демеу тауып, оңым менен солымнан.
Намазхан боп, ақтап ұстаз сенімін,
Жүрсем деймін Айым туып оңымнан!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter