Өлеңдер ✍️
ЖАЛҒЫЗДЫҚ ТУРАЛЫ ЖЫР
Жалғызбын...
Бағдарды болжап таба алмай
Ісімнен ләззат ала алмай.
Жұлқынған желдің өтінде
Желбіреп тұрмын жалаудай.
Көркем жөнімді көре алмай,
Түзу сөзіме сене алмай
Кемшілігімді таба алмай
Әлдебір өшін ала алмай
Сорлатқан мына жаманды-ай!..
Күйдірер күйе жаға алмай,
Қорсылдап қара қабандай.
Қорыс қып гүлзар бағымды
Қор қылған мына наданды-ай!
Көңілдің көгі оңалмай,
Шабыт кеп шалқып қона алмай...
Жаныма дәру таптырмас,
Топастау мына қоғамды-ай!..
Жабырқау бір жел ескендей,
Ой-тамшы төбе тескендей.
Қоғамнан көрген жалғыздық
Қара басқа енді көшкендей!
...Бір-екі перзент сүйсем де,
Жар құшып алшаң жүрсем де.
Көп ұлдың баста бірі боп,
Бөлектенгенімді білсем де.
Күз келіп қайта жаздан соң,
Ой арып, әбден азған соң.
Жалғыз боп қалдым ақыры,
Маңдайға тағдыр жазған соң.
Тексермес жүзін жоқ-бардың,
Күйттеген күйін сотқардың.
Жалғыз бір шалдың ақырған,
Жалғыз бір ұлы боп қалдым.
Туғандар бөлек топтанды,
Жат жұрттық қыздар ақталды.
Тыңдаусыз мәңгіп ән-жырым...
Жалғыздыққа кеп тоқталдым.
Ат шалдырар, тоқтар мың
Ой тереңін жоқтар кім?
Тайыздықтан тартынып,
Әкетті бөліп топтан мұң.
Бағдарды болжап таба алмай,
Ісімнен ләззат ала алмай.
Жұлқынған желдің өтінде
Желбіреп тұрмын жалаудай!..
Жалғызбын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter