Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  129


Автор: Серік Жетпісқалиев

ӘКЕ, СЕН МЕНЕН ГӨРІ БАҚЫТТЫСЫҢ

Амалсыздан біреуді ренжіттім...
Ашу итке алдырып, күреңіттім.
Көңілімді кірлетті жетесіздер,
Тығырыққа енді кеп тіреліппін.
Ақылсыздың сөзіне ілегіппін,
Дүние-боққа қол жайып,тіленіппін.
Жалғыз ұлдың іздерін қорғап едім,
Тас төбемді тұрған соң күйдіріп күн.
Ақын орны әркез төр, ел еркесі,
Әйткенмен күйе жағар желөкпесі.
Қайран ұлдың қол табы қалсын деп ем,
Қалсын деп ем, шіркін-ай, көлеңкесі!..
Ақылсызға жетпейді ақша деген,
Күнде дабыл күңіреніп, қақса да өлең.
Кеңірдектен су құйып,көлкітсең де,
Арамшөппен көркеймес бақша деген!
Сөз асырып басымнан жіберіппін,
Соған бола демеспін тізе бүктім.
Беу!.. Қайтейін құны жоқ дүниесін,
Артында бір ұлы жоқ тірі өлікпін!..
Әке,сен менен гөрі бақыттысың,
Дәл мендей ұрпақсыз қап, жасыппысың?
Күніне мың күрсініп, күйінсең де,
Баласыздың кермегін татыппысың?!..
Әке,сен менен гөрі бақыттысың,
Ұшқан жоқ басыңдағы бақыт құсың.
Шаңырағың түспейді ортасына,
Көктемің бар артыңда, қашық қысың!..
Өйткені,мен келемін соңыңа еріп,
Артында ұлы бардың жолы көрік!
Жер бетінде жүрсе ұлым мүжілмес ем,
Әр онбес жыл тұрсам да соны көріп!..
Әркімдердің қайтейін жазғырғанын,
Жалба-жұлба жүйкемді тоздырғанын.
Сені жалғар мен бармын, бірақ сенің,
Жалғыз ұлың барады жалғыз қалып!..
Мен білсем,саған болар сол уайым,
Парықсыздар орнатты жаныма мұң.
Қайран ұлдың өшпесін ізі деп ем,
Құзғын-қарға қызықса неғылайын?!...
Талай жылдан зіл батпан жолдас қайғым,
Көндім.Сөндім.Ертеңге жалғаспаймын.
Бүгінгі күн көрерім,толғанарым,
Ізін сосын қызғыштай қорғаштаймын...
Сенделемін,айтуға сөз жетпейді,
Болашақтың бағына көз жетпейді.
Ақиқаты бұйрығын ұлы Алланың
Ешбір пенде түзетіп, өзгертпейді.
Бүркесе де көңілдің бүршігін мұң,
Мағыналы бүгінгі тіршілігім.
Ең қымбаты құблаға бет бұрғаным,
Ең қымбаты Құдайға құлшылығым!
Тығырыққа жол келіп тірелгенде
Бірге шығар адам аз күрең белге.
Мына өмірде асылы, ақылдыдан,
Ақылсыздың көптігін білем мен де...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу