Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  140


Автор: Серік Жетпісқалиев

АҚ ҚАЙЫҢДАР

(Төлеген Айбергеновке)
Ақ қайыңдар, демеңдер, неге келдің,
Махаббатын ақынның көре келдім.
Өздеріңе жазылған, ақ арулар
Жырын оқып берейін Төлегеннің!
Бұрынғыдай күй толғап, жыр да ұшырмай,
Әнің қайтып оралмай жыл құсындай.
Сағыныштан сарғайып тұрмысыңдар,
Мұңлысыңдар, ерекше мұңлысыңдар.
Айтыңдаршы, соңғы әнін сол ағаның,
(Сағыныш – бұлт, самал боп соға ма мұң?)
Қайсысыңның кетті екен қойынында,
Кестелеген әдемі орамалың…
Ақын сүйген осынау жұмбақ үнді,
Сыбдырыңнан ұғамын сырларыңды.
Сүйрік саусақ секілді жапырағың,
Сипап өтті, сезімім нұр жамылды.
Сұлулықтан сыр түйіп, сергіді ме,
Сол ақынның таңданам кеңдігіне.
…Бүгін оқып берейін Төлегенді,
Өзім жыр ап келейін ендігіде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу