Өлеңдер ✍️
МЕН ӨЛЕҢДІ ҚҰМҒА ЖАЗЫП БАСТАҒАМ
Жылдар өтті... көп ғадетті тастағам,
Асуларым көп-ақ әлі аспаған.
Жан баласы жазбаған жыр жазсам деп,
Жастық емес, қағаз-қалам жастанам.
Шулы қала ортасында баспанам,
Шабыт құсы үрке ме деп, жасқанам.
Өйткені алғаш өлеңімді, оңаша,
Саусағыммен құмға жазып бастағам!..
...Жағалауда тал әндетті тым сыңсып,
Дегеніме көне берді жыр тыншып.
Бұла сырды жасырайын дегендей,
Жазғанымды жаба берді құм сусып.
Аққұм қалды сырларымды жасырып,
Алматы астық гитараны асынып.
Сол сырларда қалған екен бар шындық,
Айтар болсақ, бүгін бүкпей, ашылып.
Жылдар өті... болар енді кешірім,
Оттай жанып ғашық болсаң несі мін?!
Сонда құмға жырмен жазған екем ғой,
Әлемдегі ең сұлу қыз есімін!..
Ой сан-сақта... там-тұмдап жыр құраймын,
Жағалауды көрсетпейді мұнар күн.
Ең сәтті жыр құмда қапты із-түзсіз,
Сәтін салса, оңаша бір сұрармын...
О, Жайығым, асау арман, асқақ ән,
Ақ құмың-ай, бір сырымды ашпаған.
Ақындықты ару өзен, ардағым,
Жағаңдағы құмға жазып бастағам!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter