Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  178


Автор: Серік Жетпісқалиев

АҚ ӘЖЕМ МЕНІҢ БАР ЕДІ

Ақ әжем менің бар еді,
Аңқасы кеппес шілдеде.
Ораза тұтып жүретін,
Аспан айналған күнде де.
Мықты еді ғажап төзімі,
Айтпайтын уайым езіліп.
Түнімен малын күзетіп,
Таң ата ғана көз іліп.
Жеңетін мұңды, қайғыны,
Алапат еді айбыны.
Сүйейтін арқа, тірегі


Қанағат еді байлығы.
Отыз күн оразасында,
Өткізбейтұғын жай жатып.
Құдайға қарағасын ба,
Қайтпайтын ешбір қайраты.
Шөп шауып , жиып, шоқалап,
Шөмеле қылып қоятын.
Қайтпайтын кешке қаталап,
Дәм-тұзға лезде тоятын.
Ортасы ойлы жамағат,
Мейірім- шуақ төгілген.
Қорғаны сол бір қанағат,
Күні жоқ шаршап, ерінген.
Қажытпас тірлік әлегі,
Әдемі еді әлемі.
Аллаға ізет, сәлемі,
Сонымен болды мәуелі.
Үстінде көне камзолы,
Сапарға мені қамдады.
Көп сөз жоқ оның аузында,
«Жақсы бол!» дейтін бар-жоғы.
Түскенде әжем есіме,
Кетемін ерен күш дарып.
Ілесіп өмір көшіне
Келемін сөзін ұстанып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу