Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  297


Автор: Құлан Алдабергенұлы

АУЗЫМДА ӨЛЕҢ ДЕЙТІН АЛМАСЫМ БАР

Өткір сөз – наркескендей қынаптағы,
Айтуға ішті кернеп шыдатпады.
Ішімде біткен қайнап өнерім бар,
Таусылмас аққан судай бұлақтағы.
Өнердің іште жатқан керегі не,
Сендерге көрсетпесем сынатқалы.
Мақтасам, өлеңім бар мақтағандай,
Дау болып қияметке ат қалғандай.
Алыстан ән шырқасам, өлең жетер
Қайыптан қосын болып аттанғандай.
Қалады өлеңіме жұрт таңданып,
Құс көріп, ұзақ-қарға топтағандай.
Алатын кей өлеңім ажалдай-ды,
Сынаптай кей өлеңім балқытады.
Шалқытқан кей өлеңім шалғайдағы,
Атылған кей өлеңім жай оғындай.
Атқаным жараланбай қала алмайды,
Кімде-кім өлеңімнен жараланса,
Ешқандай тәуіп емдеп жаза алмайды.
Кей өлеңім сәуірдің жауынындай,
Кей өлеңім қазанның дауылындай.
Тістеткен иығынан жазылмайды,
Жылқының соққы болған жауырындай.
Өлеңім, күллі әлеумет мақұлдатты,
Кедейдің азған емес сауынындай.
Соңына өлеңіммен түсе қалсам,
Тал түсте таба алмайсың ауылыңды-ай.


Жүйріктей кей өлеңім қырындайды,
Орынсыз көрінгенге ұрынбайды.
Кездескен кедергіні кесіп өтер,
Жалтақтап жаттық іздеп бұрылмайды.
Ішінде өлеңімнің найзагер көп,
Жығады шанышқанын, жығылмайды.
Мысалы, кей өлеңім кей адамға,
Тартылған сұрапылдың сұрындай-ды.
Қойқаптан жын шақырсам келер қосын,
Қосынды келмей тұрып бұрын шошын.
Сап түзеп қосындарым келгеннен соң,
Қоймайды егескеннен алмай өшін.
Мысалы, кей өлеңім – қосындай-ды,
Дұшпанның қосыны көрмей шошынбайды.
Біреуді өлеңменен қуып шықсам,
Қатарға ол оңайлықпен қосылмайды.
Айдаһар – кей өлеңім алтын баққан,
Қасқырдай – кей өлеңім алдын қапқан.
Сұрмерген – кей өлеңім көздегенін
Жібермей сол мезгілде дәлдеп атқан.
Өртейтін кей өлеңім өрт секілді,
Бәрі де нәміраты жоқ, мерт секілді.
«Садағаны сауда бер» дегендей-ақ,
Алатын кей өлеңім дерт секілді.
Мінеки, сол ақыннан өлең тыңда,
Қойқаптан жын шақырсам қосын келер,
Кездесіп қап жүрмеңдер біздің қапқа,
Аузымда өлең дейтін алмасым бар
Асуы жоқ демейді салсам шыңға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу