Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  1021


Автор: Шашубай Қошқарбайұлы

ЖАМБЫЛ МЕН ШАШУБАЙ айтысы

Алматы қаласындағы Байбұлан байдың үйінде үлкен
жиын болады. Бұл жиында ел кезіп, серілік қып Арқадан
келген Шашубай ақын былай өлең бастайды:
Шашубай:
Ақынның сүйір келер тіл мен жағы,
Іркілмей осы күнде сөйлер шағы.
Көрмекке, бізге уажып нұр дидарың,
Жетісу, аманбысың, өң саңлағым?
Жайылды Шашубай боп менің атым,
Кеудемде саудырлап тұр жазған хатым.
Бұл жерде дәм-тұз айдап, жүз көрістік,
Жүрмісің жалпы тегіс, асыл затым?
Жүрмісің аман-есен, батыр Сәтім,
Ілгері болыстардан салтанатың.
Сұңқар болып туыпсың Найзабектен,
Тарайды Есенқұлдан арғы затың.
Және де жәрдем болған бабаң Жаныс,
Ер дейді қазы болған жұртқа қалыс.
Шашубай күнде бүйтіп келе бермес,
Теңіздің аяғында, жерім алыс.
Жүрмісің есен-аман, өң саңлақтар,
Көк мұзда тағасыз ат тайғанақтар.
Сарыжан, Саймасай мен аманбысың,
Аш-арық кембағал мен сізді жақтар.


Жайындай өрге жүзген қадамдысың,
Әр жерден атағың бар, хабарлысың.
Дулатта мойны озған жігіт дейді,
Алпысбай Мәңке менен аманбысың?
Баласы Қошқарбайдың мен Шашубай,
Дәреже өз басыма берген Құдай.
Алматының саңлағын тегіс жиып,
Той қылды компания Байбұлан бай.
Сұрасаң, менің атым Шашубаймын;
Болғанмен үйде кедей, түзде баймын,
Баласын Орта жүздің айлап жедім,
Қалтамның түбі тесік байымаймын.
Желге ұқсап ұйтқып соққан зуылдаймын,
Еш нәрсе сонда-дағы тындырмаймын.
Саңлағын Жетісудың көргеннен соң,
Сағыңды өлең жақтан сындырмаймын.
Сайратқан Орта жүздің бұлбұлымын,
Табаным қызған сайын бұлдырлаймын.
Албанда о да өткен Абақ, Жайнақ,
Өтіпті Сайым, Бөлек саңлақ айдап.
Саңлағын Жетісудың көргеннен соң,
Сөйлейді бұл Шашубай тамашалап.
Meн келдім Орта жүзден теңізді өрлеп,
Қыдырып сөз қозғадым көлденеңдеп.
Жол басып он сегіз күн зорға жеттім,
Саңлағын Жетісудың көрейін деп.


Бәрің де аманбысың есен-аман,
Шүу десе жүйрік озар мыңнан-саннан.
Отырмыз ғанибетпен жүз көрісіп,
Отырмын тамаша етіп жоқтан, бардан.
Дуаным Қараөткел мен Қарқаралы,
Барады кешкі базар тарқағалы.
Алған соң еті қызып тоқтата алмас,
Өлеңді тағы да отыр шайқағалы.
Шашубай өлең жаққа қадам басты,
Бұл күнде сіздермен кеп амандасты.
Жүйріктің топтан озған біреуімін,
Келдім де, қалың шаңға араластым.
Желгенде жер қалмайды күрең аттан,
Жолаушы жолым алыс келе жатқан.
Жүйрікпін шартараптың тұзын татқан,
Өлеңмен сөзді желдей құйындатқан.
Шашубай менің атым, елім қырда,
Сол қырдан дәм бұйырып келдім мұнда.
Кәрі аруақтың орнында бір шырқашы,
Қалың ел, аманбысың Жетісуда?
Сұраншы қарсы шапқан атқан оққа,
Шашубай көп сөйлеген талай топқа.
Компания Байбұлан той қылыпсың,
Бізбенен қармасарға ақын жоқ па?
Біреуді Жамбыл деген мақтайсыңдар,
Жасырып оны қайда сақтайсыңдар?


Ақын болса тез алдыр, Байбұлан бай,
Әйтпесе ел намысын таптайсыңдар.
Орта жүз Ұлы жүзден көп келеді,
Ішкені Ұлы жүздің шөп келеді.
Орта жүздің ішкені құнан қымыз, дөнен қымыз,
Ұлы жүз көженің қоюына өкпелейді.
Орта жүз Ұлы жүзден бай келеді,
Ірбіттен сірісімен шай келеді.
Бәйгені алса Орта жүз жүйрігі алар,
Шолағы Ұлы жүздің қай келеді!
Бар екен Орта жүздің төрт баласы,
Халайық мен айтайын, сен санашы.
Төртеуінің арасы он күндік жол,
Келеді осылайша шекарасы.
Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын,
Халқымның топтан озған жүйрігімін.
Ұлы сарын жүйріктің біреуімін,
Жұртыма нарық көрсеткен үлгілімін.
Байбұлан, кісі жібер Жамбылыңа,
Жамбылды болар ма екен алдыруға?
Тағалы, төрт аяғы мен бір жорға,
Ылайық тар көшеге салдыруға.
Ақын болса тез келсін бұл араға,
Бізбен жарар ма екен пар қылуға.
Руым Орта жүздің деген жері,
Жалпы отыр Жетісудың кемеңгері.


Жүрексініп тұрғандай не бар мұнда.
О, шіркін, ақын болса келсін бері.
Біздің кеп, айта берсе, толып жатыр,
Бірі көшіп, біреуі қонып жатыр.
Сейітбаттал, Ер Әлінің соғысындай,
Не де болса, боп қалсын, бері шақыр!
Бұдан кейін Байбұлан бай кісі жіберіп Жамбылды
шақыртады. Байбұланның үйіндегі ең сыйлы қонақтары
– байлар арақ ішкен, қызу. Шашубай Жамбылды көре салып, өлеңді ағындатып қоя береді:
Әрине, Шашубайдың айтар сөзі:
Көп көрген мұндай топты шырай жүзі.
Сырлы ағашын қолына ұстаған боп,
Келіпті азап айдап, бұл кім өзі?
Сонда отырғандардың бірі: «Сенің іздеп шақыртқан
Жамбылың –осы», – дейді. Екпіндеп Шашубай сөйлеп
кетеді:
Алматы тауы адыр, жері дала,
Шашубай сөз сөйлейді жеке, дара.
Үлкенге сәлемің жоқ, аманың жоқ,
Күн туды не басыңа дүзі қара?!
Жүрмісің аман-есен, ақын Жамбыл,
Өлеңге жастайыңнан болдың даңғыл.
Үндемейсің ұнжұрғаң түскендей-ақ,
Күн туды не басыңа, Тәңір алғыр!


Шашубай арақ ішіп, желдеп отыр,
Қайдағы асыл сөзден тергелі отыр.
Ерден шыққан қатындай неме екенсің,
Ауылшылап келмесең сөйлей отыр!
Орта жүз Ұлы жүзден көп келеді,
Бәрі де Орта жүздің бек келеді.
Аянбай, барың болса, қамдана бер,
Шапандай қанжығаға бөктереді.
Бәрі де көрініп тұр, беп-белгілі,
Сақтанба, көрмегендей, к... белгілі.
Ақсұңқар қырандай мен тұрғанда,
Тышқан алған мақтайды бөктергіні.
Арқада мен айтайын салдығымды,
Мұнда келсе айтайын бек, төре, хандығымды.
Ашулансаң аспанды тастап жібер,
Сен де аянбай қимылда барлығыңды.
Барлыбек Тұрлыбекпен аман болса,
Жандарал да бұзбайды жарлығымды.
Жамбылжан, танымайсың мен баяғы,
Қолыңда асай-мұсай, шал таяғы.
Ағат кеткен сөзім жоқ, отырған көп,
Тең тиер өлеңімнің төрт аяғы.
Бір көзі Сәміжанның қысық екен,
Байбатшаң Мәңке менен пұшық екен.
Бірің ойқы болғанда, бірің шойқы,
Бәрің де қосылыпсың ойдан, қырдан,
Күйкі тұғыр сияқты сұсы бөтен.


Жамбыл:
Сөйлесіп мен сықылды кемеңгерге,
Аса алмас құлаш ұрдың асқар белге.
Шұбырып, ақтабан боп келген Арғын,
Желіктің өз-өзіңнен неменеге?
Сорыңды, бүйте берсең, қайнатармын,
Бент қылып қол-аяғыңды байлатармын.
Без билет, шұбырынды сен Арғынды
Жеріңе часабаймен айдатармын.
Халқымда мен бір жүйрік озып жүрген,
Әр жерге құлашымды созып жүрген.
Арқадан ауып келген ақтабансың,
Желігіп өз-өзіңнен мақтанасың,
Шұбырынды Арғынсың тозып жүрген.
Арқадан ауып келген жалаң аяқ.
Сен-дағы қимылдадың аянбай-ақ.
Бұл жаққа жан бағуға келдің қаңғып,
Тиіп кетіп жүрмесін саған таяқ.
Ажалдың оғы келгенде,
Қорғаны болмас көбенің.
Түсі суық келеді
Төрт қырлы көк жебенің.
Аптықпай сөйле, Шашубай,
Сынып қалар бедерің.
Қаңғып келген аш-арық,
Тойынып кеткен екенсің!
Білдім жаңа себебін,


Тойындырған талайды,
Берекелі ел едім.
Қаңғып өткен Арғын-ау,
Қашан маған тең едің?
Шашубай:
Ей батыр, Арғын деген ағаң енді,
Алдына жол салдырған дадаң енді.
Ашулансам, желкеңді жермен қиям,
Шығарма дыбысыңды, бәлем, енді!
Шашубай сөйлеп кетсін інің енді,
Ініңнен соң не болар күнің енді!
Желкеңді, ашулансам, жермен қиям,
Аузыңды байқап сөйле бүгін енді.
Төгіліп менің сөзім келе жатыр,
Қолында бектерімнің алтын шатыр.
Өзіңді өзің көтеріп желікпегін,
Аузыңды бағып сөйле, Жамбыл батыр!
Қайсымыз жеңсек те сынға түсіп,
Арт жағы болып қалсын ақыр-тақыр.
Бұл күнде дәуірлеп тұр Байбұлан бай,
Жал мен жая жегені қант пенен шай.
Барлыбек, Тұрлыбек, Бақия, тамам төре,
Бұлар да неше мұқам білген, айла-ай.
Жетісудың тілеуі тағы боп тұр,
Бұлар да заманында бір шар айна-ай.
Ұлық боп Ұлы жүзге болған төре,
Не қылғанмен бұлардың орны өзге.


Басшы боп Ұлы жүзді қарап тұр ғой,
Ие боп, осы күнде сіздерге де.
Жарығы түсіп тұр ғой барша көпке,
Бұлардың шар тарапқа даңқы кеткен.
Көшедегі орнатқан панардай боп,
Бұл күнде қазы боп тұр әрекетпен.
Сөйлесе сөз келеді Шашубайдан,
Сен оңайсың, Жамбылым, ішкен шайдан.
Байлығым мен бектігім сенен артық,
Бір зырқырап жүгірейін әлдеқайдан.
Қараөткел дуанында менің жайым,
Әр түрлі өнері бар Шашубайдың.
Емеспін Жетісудың шолағындай,
Өлеңге соғып тұрған борандаймын!
Қайырлы Байбұландай байың қайда?
Бұлардың нұры балқыр туған айдай.
Күрсілдек, омырау соқпа неме екенсің,
Мұнымен жеңемін деп ойламағын,
Дәметкен сенің-дағы кеудең қайда?
Басамын осыменен қарқыныңды,
Аузымнан шығарайын алтынымды,
Ерден шыққан қатындай неме екенсің,
Езермін бала құстай алқымыңды.
Жамбыл:
Енді Жамбыл сөйлейді,
Ескен желдей гулейді,


Елірме, батыр, сен, – дейді
Желіксең де мінекей,
Мен аса алмас бел, – дейді.
Өзіңді өзің көтеріп,
Мақтай бердің есіріп,
Мақтансаң да, батыр-ау,
Сендей неме ежелден
Ширегіме келмейді!
Сөйледің сен де аямай,
Ал, Жамбылдан сөз шығар
Асылдан ұшқан қылаудай.
Өлеңнің дария кенімін,
Еділ менен Жайықтай.
Зырқырап Жамбыл сөйлесін
Өрге жүзген қайықтай,
Сынға түссін сөзіміз
Осы отырған халыққа-ай.
Бақ, дәулетім басылмай,
Жетісудың саңлағы
Тегіс отыр қасымда-ай.
Бағып сөйле аузыңды,
Еліре берме, Шашубай.
Ерегіссең менімен,
Тауып ұстас теңіңмен.
Ерегіссең, Шашубай,
Еңсеңді үзіп кетермін
Аспаннан түскен жасылдай.
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгембай,
Шапырашты Наурызбай


Соларға кезек бермеген.
Ұлы жүздің ішінде
Ұраным менің Қарасай.
Қарасайдың ұлымын,
Айтулының бірімін,
Нар кілемнің түрімін,
Қызыл тілін безеген,
Найзасын тасқа егеген.
Алды-артыңды буамын,
Сені асырмай кезеңнен!
Мен-дағы тоқтамаймын айтар сөзге,
Аса алмас құлаш ұрдың асқар белге.
Бай болған деп мақтайсың Байбұланды,
Есіріп ақ суына әлденеге.
Байбұлан мініп келген қара ала атты,
Келді де, біздің жердің дәмін татты.
Алматы Тастағында қара лашық
Тікті де, көң-қоқырда үш жыл жатты.
Тексеріп сұрай берсең тегін арғы,
Арқадан ауып келген ұры-қары.
Тері-терсек жымқырып, ұрлап сатты,
Сөйтіп жүріп Байбұлан малға батты.
Бай болып ұрлықпенен асып-тасты,
Мұнымен мақтануың жарамас-ты.
Бағып сөйле аузыңды, Шашубайым,
Дертке дерт қосар деген жаман бақсы


Төре деп мұнша неге мақтанасың,
Барлыбек, Тұрлыбек, Бақиясың.
Сорлы, сені қатарға қашан алды,
Сайлауда көкке қарап, ақиясың.
Ішкенің су орнына арақ, боза,
Дозақтың ортасында қақиясың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу