Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  284


Автор: Шашубай Қошқарбайұлы

ШАШУБАЙ МЕН БОЛМАН айтысы

Шашубай:
Шырағым, аманбысың, ақын Болман?
Дауылмын жан беттемес, соқсам оңнан.
Өлеңге болдырмайтын желғабызбын,
Жүлде алған сан дүрмекте талай қолдан.
Балқаштай ақ айдынның аққуымын,
Еркелеп толқынына күнде шомған.
Желпісем қанатымды дауыл түрып,
Тітірер екпінімнен не бір қорған.
Он Болман іздеп келіп жарысса да,
Тарланмын таймайтұғын даңғыл жолдан.
Салмақты Қоңыраттың тасындаймын,
Желіксем көктен түсен жасындаймын,
Өлеңнің қырық қырқасын бір-ақ асқан,
Іліндің қармағына Шашубайдың.
Ақыным, осы жолы мерт болмай қайт,
Жүргенде шығамын деп төсіне айдың.
Күшейтіп шабуылды майданда ерім,
Тазартып қасиетті кеңес жерін,
Қарыштап күнде алға басып барад,
Талқандап, бұзып-жырып жаудың шебін.
Ынтымағы жарасқан алуан ұлтты,
Кім орнынан қозғалтпақ кеңес елін?!
Отан үшін, ел үшін, өмір үшін,
Жырлайық екі алыптың не бергенін.
Сөйле ақын, серме құлаш, көсіл, қарман,
Қапыда қалдым деме мына шалдан.
Жентекте, жетіле айт білгеніңді,
Аяма мінім болса ойыңа алған.


Келместен шаршы топқа аялдағым,
Аз сөзбен хал-жайымды баяндадым.
«Амандық ағаданның» салты осы ғой,
Кезек ал, барыңды айт, аянбағын.
Болман:
Адамға ақындығын бағалаған,
Жөн шығар өз күнінде шамалаған.
Қорықпай ақ қанатыңның дабылынан,
Сол көлді мен де, ақсақал жағалағам.
Ғажайып сұрапыл боп сұр үрсең де,
Қозғалмай отырмын ғой бағанадан.
Иіріп тәулік сайын жүз вагонды,
Жеткізіп рудаңды бере алмаған.
Сол қанат маған бітсе, Руденконы,
Болар ем күніне жүз сабалаған.
Мен-дағы асу бермес асудаймын,
Желіксем бірер таңға басылмаймын,
Барында Жезқазғаным жеңілмеспін,
Келсе де сексен сегіз Шашубайың.
Жезқазған бар алыпты қарына іле,
Атағын жеңіп алды бәрінің де.
Бір түгіл, салыстырсақ қырық Қоңырат,
Болмайды астар тұрсын әдібі де.
Арқада үлкен үй боп қазыналы,
Көтеріп не сұрасаң базынаңды.
Шашеке, осы маған өкпең бар ма,
Әкеліп тұрсам да ылғи қазынамды.
Болғанда үзігі алтын, түндігі мыс,
Уығы, керегесі аппақ күміс,
Қазығы қорғасыннан алып үйін,
Жабылып қозғай алмас батыс, шығыс.


Мыс беріп, қатал жаумен жұлысуға,
Сүрінбей шауып өткен ұлы сында,
Әр бірі әр заводтай шахтыларым,
Ақсақал, толар білем уысында.
Табысқан он ай бойы, табысқа өрлей,
Қолымнан сонан бері ту түскен жоқ,
Соны да жүріп пе едің көзің көрмей?
Жаныңа жабырқама кетсе батып,
Біз емес күн өткізер үйде жатып,
Бәйгеме анда алған қажет болса,
Бір айлық рудаңды алам сатып.
Жанарың ақын аға, жетпес шолып,
Бергенім жеңіс үшін жатыр толып:
Өндірген жоспардын тыс рудаммен
Түп-түгел қаруланад сексен полк.
Қияның қол жетпестей қиясымын,
Деп бүгін мақтануға сиясымын,
Тудырған таңырқаулық, алып ерлік
Өйткені, рекордтар ұясымын.
Атағы Алатаудай асқар әлі,
Жетерлік мың-сан жауды жасқарға әлі,
Атқарған қырық адамның қызыметін,
Алып жоқ Балмұханнан асқан әлі.
Бұрғышы кім білмейді Әйгелевті,
Самғаса, сан жарыста бәйге ілікті.
Бітірген айлық істі бәр тәулікте
Өнері ерлігіне сай келіпті.
Кімің бар пар келетін Ақшаловқа
Ерлікпен даңқы шыққан шар-тарапқа.
Нормасын жиырма адамның жабар еді,
Бір күнгі еңбегінен енші алып та.
Семірген өтірікке Селиванов


Қайғы жоқ, тіл буынсыз, қорынарлық.
Жаны тыныш, жол ісімен жұмысы жоқ,
Саусағын жылы суға отыр малып.
Күніне неше вагон құласа да,
Қылмысы тексерілмей жатыр қалып.
Балқаштың толқын қуған құр аққуы,
Көрмедің соны неге қырыңа алып?
Үнемі жолдан тайып, вагон құлап,
Аптығып тұрғыза алмай жатсаң сұлап.
Шашеке, мен айтпай-ақ, өзің айтшы.
Бересің составыңды қалай құрап?
Құрағаннан құлату оңай дейді,
Сол жерін Топченкодан көрші сұрап.
Ана бір жылтыңдаған Волоканов,
Келгенде құлатуға деседі алып.
Бір емес, әлденеше поез құлар,
Соңына сол жұмыстың қойсаң салып.
Шашубай:
Әлемге даңқы мәлім, атағы асқар,
Қатталған қойнауында қымбат тастар,
Қазыналы Қоңыратқа салғастырсақ,
Еш алып Европада болмас астар.
Алыппын аты шулы асқан шеннен,
Құралған тұтас тұлға алуан күннен,
Егер де керек қылса сексен завод,
Еш уақыт тарықтырмас жейтін жемнен.
Өзім оқ, өзім бомба, өзім танк,
Өзім кен, өзім қазына, өзім алып.
Майданға көмегімнің көптігіне
Жетеді қашаннан да көзім анық.


Қоңына қадасаң да тоқсан бұрғы,
Білінбес шыбын-шіркей шаққан құрлы.
Не ғажап алып күшті машеным бар,
Келтірген асты-үстіне ой мен қырды.
Қозғалмай бір орында табан тіреп,
Сан батпан салмағымен соқса шіреп,
Жеті хат жерден өткен зұлпықардай,
Қашауым қара тасты кетер іреп.
Салмағы соншалықты шектен шыққан,
Инедей сол қашулы жерге тыққан,
Батыр бар Абзалбектей елге мәлім,
Жентектеп таудай тасты саздай сыққан.
Алыптан алып туған Өтебаев,
Алдынан қаһарланса жұмыс ыққан.
Түбіне тегеуріні темір үзер,
Нұржанов бір ұрғанда тауды жыққан.
Кім жетер Парпенов пен Сыздықовқа,
Мылқау тас сөйлеп кетер тілін ұққан.
Болманым, мына көпке даттап бергін,
Осындай ерім бар деп менен шыққан.
Біреуі бір-бір шахта эксковатор
Шақ келмес теңеуіне мың-сан батыр.
Атандай кесек тасты бір-ақ қауып,
Күніне мыңдап вагон тиеп жатыр.
Үйреткен сол асауды Елемесов,
Алысса құз жар таспен ерегесіп.
Аумағы бір ауылдай кең алқабын,
Ожаумен қас қаққанша алар көсіп.


Маманов, Петришев, Секербеков,
Қайнатып қара тасты қалған бекіп.
Қопарып боршалаған ерлік ісін,
Жеткізіп айта алман тілім жетіп.
Бір күндік рудамды берген артып,
Жүз поез әкетеді әрең тартып.
Құралған барлық мүшем машинадан,
Көтерем сан Болманды бір-ақ қарпып.
Кел-дағы мың поезбен тиеп әкет,
Кенімді керек болса, берген артық.
Мақтадың, Болман шырақ, комбинатты,
Есіңе аламысың майдан жақты?
Алты айдай кем бергенің білемісің,
Екі жүз отыз мыңдай снарядты?
Балқашқа берген темірің ата боп шығып,
Бес жүз тонна мыс соңынан жетпей қапты.
Рудадан жиырма төрт мың борышың бар,
Мұны кім саған тағы арқалатты?
Мені былай қойғанда өз заводың
Он екі мың тоннаны ала алмапты.
Басқарған Новеселов екі шахтаң,
Оныңды айтамысың етіп мақтан?
«Он бір» мен «Жиырма тоғыз» оған серік,
Хабарың бар ма, сірә, олар жақтан?
Қаншама мың патрон болар еді,
Есептеп кем бергенің болсаң шаққан.
Біліп ем Байқоңырдың жайын ашып,
Жабырқап өз-өзімнен қалдым жасып,


Не сапа жоқ, не сан жоқ, − күл шығарып.
Отанның мыңдаған сом пұлын шашып.
Ақынмын деп сол жерде неге жүрсің,
Олқылықтың көрсетпей бетін ашып?
Кім сүйсінер ақынға қоян-қолтық,
Өмірмен кетпеген соң араласып.
Көмірші, жұмысшының төрттен бірі,
Нормасын орындамайды осы күні.
Еңбекте өнім, ісіңде береке жоқ,
Даурыққан у менен шу ығы-жығы,
Етек басты борышты болған, Болман,
Ақын атын арқалап жүрсің тірі.
Балқаш пен Қоңыратта жүрмес едім,
Болса осы міннің жүзден бірі.
Болман:
Шашеке, енді нең бар мақтанарға,
Құрғақ сөз бұта болмас паналарға.
Құз болдың, кеме болдың, аққу болдың,
Ешнәрсе қалдырмастан басқаларға;
Ұшсаң да мың-сан таудан ақиық боп,
Қайтсең де тең келмейсің біздің нарға.
Мақтаған Қоңыратың жарты жылда,
Тоқсанға проценті жетті зорға.
Байқоңыр көмір бермей күл берді деп,
Саласың дауды қуып басын шарға.
Қаншама баптасаң да сөзбен түйреп,
Жөнсізге, сірә, Болман қозғалар ма.
Байқоңыр жалғыз жемдеп комбинатты,
Жыл бойы мыңдап тонна көмір шапты.


Көмірі Байқоңырдың электр боп,
Забойға ауа болып бұрғы ойнатты.
Күшімен сол көмірдің қопарған кен,
Ағылып сіздің елге келіп жатты.
Жемдесе бір алыпты көмірімен,
Отанға қай жерінен зиян сапты.
Шарықтап құлаш ұрдың биік көкке
Абайлап көз салмастан төңірекке,
Болса да сексен завод жемдеймін деп,
Тағы да үдей салдың өр көкірекке,
Шынында сексен түгіл бір Балқашты
Отырсың қамти алмай жекпе-жекте.
Қол үшін бермегенде Жезқазған кеп,
Белшеңнен батар едің берешекке.
Алыптың көрсетейін айтып түрін,
Аңдарсың естімесең бұдан бұрын.
Шахтам бар жеті қат жерді ойып түскен,
Ішінде ел көшкендей неше дүркін,
Күш алып электрден, болат жолмен,
Тасиды мың сан вагон нардың жүгін.
Басқарған Байқоңыров бір топ шахтам,
Бес айдай жоғары ұстап келе жатыр
Ұстаған қолдарында Қызыл туын.
«Покро», «Злотуст» шахталары.
Шалқытты күн-күн сайын жеңіс жырын.
Ойран ғып жердің астын жеті қабат,
Бұрғылап, шыңды тесіп тасты қашап,
Қопарып аумағымен қалың құзды;
Тау жарған екпінімен өңкей санат.
Ақтарған жер астының қазынасын


Ерлерді дәріптеймін мыңға балап.
Бір ғана Жезқазғанның бір мың кеніші,
Жүлде алды оза шауып өңкей саңлақ.
Сол топтан үздік шыққан отыз ерді
Мақтан ғып айтуыма аузым толад.
Алты айда орындады жылдық ісін.
Бір мезгіл дамыл алып етпей тағат.
Басамын айшылықты алты-ақ аттап.
Бұрғышым батыр сынды Шаталюкті,
Бар жұрты қадірлейді тәрбиелеп.
Жоспардан жүз алпыс тонна мыс артылтқан.
Күшіне ел таң қалды тамашалап.
Жасалған сол мысынан патронмен
Он мың қол қаруланып жауға аттанад.
Атақты Ғыятуллин, Оралбаев,
Еңбекте тыным алмас жарты сағат,
Қозыбағар, Нұрмағамбет батырлардың
Қолынан талай құздар бордай тозад.
Ешпаев, Жабагинов тәшке айдаса,
Ұрулы ел үдіргендей думан болад.
Күләйшә, Вера сынды аруларға,
Елінде тең түсерлік әйел бар ма.
Шығарған екеуінің рудасы
Күн сайын жүк болады бес жүз нарға.
Айлығын жиырма күнде орындады,
«Покро» он екінші шахталар да.
Шахтасын тәулік сайын алға тартқан
Сницин, Ысқақ сынды батырлар да.


Шашубай:
Төгіл жыр, көмекейден, сөйле тілім,
Болмандай келгенде іздеп ақын інім.
Жетектеп жетегіме алайын мен,
Заводтың аралатып ойы-қырын.
Қыран көз көргіш болса шолып өтсін
Балқаштың ішкі сыры, сыртқы түрін.
Бура сан, балуан білек ерлерімнің
Көрсін көз тиеп жатқан өмір жүгін.
Қазбалап бәрін түгел айта алмаспын,
Салмақтап айтайын тек мыңнан бірін.
Орнындай ақ орданың жеті қанат –
Кен үңгір, апан ауыз, түпсіз ғажап
Жатағын түйетайлы шыңырауға
Басың шырқ айналады тұрсаң қарап.
Осы апанға күніне мыңдап вагон,
Руда келсе, жұтады қалқып-жалап.
Дәл түбінде орнатқан қос болат тіс,
Шақыр-шұқыр бір тасты мыңға шағад.
Жезқазғанның жыл бойы берген кені,
Бір-ақ күнде ұнтайды, жайын табад.
Кеннің бұл кірер жері тіреліп кеп –
«Мак –Кули» машинасы деп аталады.
Шыпылдап арнаға лай лықып-толып,
Бетіне мысы шығып, көбік болып.
Қалқылып қалақпен мыс алынады,
Бір емес, бірнеше рет көбіктеліп.
Байыту фабригі бұл айтқаным.
Сөйлесең осыны сен көріп келіп:
Алдымда тізе бүгіп отырар ең
«Өзің біл» деп өзіме ерік беріп.
Әттең ғана табандап бармай тұрсың,
Өр көмейге өршіте желік беріп.


Күнде үдеп фабригім жатыр шалқып,
Бір күннен бір күнгі өнім түседі артып.
Осы жылдың алғашқы алты айында
Миллион снарядтық мыс берді артық.
Он миллион патрон болар еді,
Осы мыс жоспардан тыс алған қалқып.
Жалыны көке шапшып, айды шарпып,
Түтіні аспанға алыс шеру тартып.
Түн шырағы аталған алтын айға –
Сұңғыла биік труба иек артып.
Жер тұрсын көк әлемі жұлдыздарға
Адамның кереметтей сырын айтып.
Мыс балқытып алатын ғажайып пеш,
Айтсам да сыйымды ол қалай қамтып,
Жезқазғанның өндірген айлық кені
Бір аптада шығады қорып-балқып.
Алыптың алып ісін көрген сайын
Кетеді Шашубай да тасып-шалқып.
Мотор мен ер қимылын жырлап келем,
Құлаштап гармонымды өлең айтып.
Сұлу ән, өткір жырдан күш алған ер,
Табиғат бермегенін алды тартып.
Елімнің бостандығын қорғағандар –
Күніне ондап вагон тиеді артып.
Басқанша аяғыңды шіреп, Болман,
Мыс берген жеріңді айт менен артық?
Кең иық, құлжа мойын, бөрі кеуде,
Не сабаз шомбал дене ер бар менде,
Тепсе темір үзетін күш алыбы.
Алып ата тудырған ұлы бейне.
Әубәкір топтан озған саңлағымды


Мақтауға тіл жетпейді қалай деуге.
Ұйысқан қалың қайрат, қажырлы күш,
Тамамдайды қандай іс болса демде.
Жарты жылда миллион снарядтық
Берді мыс жоспардан тыс майданда ерге.
Төрт миллион оқтық жез берді асырып
Белик деген қырмызы қыпша бел де,
Күләштің жоспардан сырт алған мысын,
Бір үлкен тау болады үйсе жерге.
Пугач пен Иманбайдың баласына
Шенессе шақ келерлік кім бар сенде?
Осы екеуі ағызған мысты көрсең:
Теңер ең өзің айтып шалқар көлге.
Қанатай артық көрген молибдені
Сауыт болад жүздеген танктерге,
Мыңнан бір мысал ғана бұл айтқаным,
Ерім көп лайықты дәріптеуге.
Айды аптап, күнді күптеп көпіресің,
Мақтанып қай ісіңе лепіресің?
Аяқты аттап бассаң авария,
Жүре алмай қоянша орғып секіресің.
Бұзылып екі күнде бір тоқтайды,
Черновтың қолындағы компресің.
Ищенко, Гришиннің шахталарын,
Жақсы деп қалай мысал келтіресің?
Үзіліп темір екеш темір арқан:
Қолынан Ищенконың болды талқан.
Гришин басқаратын алып шахта,
Кетеуі кетіп қалған алқам-салқам.
Үзіліп қирағанды түзеумен-ақ,
Босамай қойған жоқ па сенің арқаң!


Шахтаң аз маған айтып мақтанғандай,
Мәз болып табысыңа шаттанғандай.
Тәжбенов пен Мальцев сыяқтылар,
Басқарған шыныңды айтшы шахтаң қандай?
Нормасын айында бір орындамай,
Керенау, жалқау деген атты алғандар.
Бұларға сірә алғыс айтты ма екен?
Майданға Отан үшін аттанғандар.
Фабрик байытушы кенді көптеп,
Қыбырлап келе жатыр ептеп-септеп.
Бір жүріп, бір бұзылып кейбір күні,
Бір диірмен шығады сыртқа шеттеп.
Сәті түскен бір күнді айтып берші?
Бір беткей жүріп кеткен алға беттеп.
Кінәлі осы іске Безбатконың,
Білмепсің ең болмаса ісін тектеп,
Менімен сүйте тұра шенеспексің,
Мініңді ат сүрінер баса көктеп.
Бүріліп тырнағыма қаларсың құр,
Сұрап ап жан сауғаны, құтыл ептеп!
Болман:
Шашеке, жек көруші ед биікті кім?
Мақтай бер трубканың биіктігін.
Бірақ та онын әкеп жалғасаң да,
Көрдің бе артпағанын биіктігін.
Тегінде кері болып жүрмегей-ақ,
Баяғы ұста пышақ жиынтығын.
Өндірген мысыңды айтпай, трубаңды айтып,
Ісіңнің көрсетіп тұр сұйықтығын.
Білдің бе қанша мысты ысырап еткен,


Әлгі бір мақтап жүрген сүйікті інің?
Соны сіз бұл күнгеше білмепсіз ғой,
Трубаның өлшемін деп биіктігін.
«Мак-Кулей» аса ашқарақ демейім де,
Сонда да қақалуы көбеюде.
Басқарған адамның да аты шықпайд,
Жоқ па екен бір қылтанақ көмейінде.
Қаншама заводымды сынасаң да,
Бірақ темір түспейд көмейіне.
Заводым отырған жоқ отқа қарап,
Майданның керегіне жатыр жарап.
Өндіріп жоспардан тыс қаншама мыс,
Сізді де соңғы екі айда қалды жанап.
Ақсақал, арттасың деп ұрса берме,
Борышын өтеп келед күн-күн санап.
Жапаров, Айтқұловтай горнобойлар
Майданның күн-түн істеп қамын ойлар.
Осылар тақымыңа толар деген
Шашеке, сіз сияқты бізде де ой бар.
Кім білмес конверторшы Қожановты,
Меңгерген өз ісіне қожа мықты.
Майданның сұрағанын үзбей беріп,
Бәйге алып сан дүрмекте оза шықты.
Білікті бір мастерім Ахметов,
Көрмеген еш жұмыста хақы кетіп.
Өмірде оқтан, оттан беті қайтпас,
Сындардан келе жатыр аман өтіп.


Шашеке, өзім бомба, өзім танк,
Дей берме бар байлықты еншіңе алып.
Кеткенін кімнен танк көрер едің,
Байқасаң майдан жаққа көзің салып.
Әлемге атағы аян Жездімізді
Бар майдан арқасына отыр таңып.
Көп беріп заводтарға маргенецті
Өргізген біз болармыз мыңдап танк.
Кім білмес Жездідегі Грипасты,
Жүлде алып сан дүрмекте шоқтығы асты.
Бір өзі қырық кісінің ісін істер,
Қақ жарып қайратымен қара тасты.
Брактың ырығында Стаханов,
Жетпекке қарақшыға бұрып, шауып.
Асығып сан детальді бүлдірді деп,
Басшылар жатпаушы ма ед мұңын шағып.
Дізеден фабрикаң лай-балшық,
Тазартып болар емес адам аршып.
Жылтырап екі көзі Матвенко
Жүргені жас мысықтай күнде малшып.
Айтқаным, сол байқұсың суға кетет,
Бір күні көл боп кетіп сонау шалшық.
Шашубай:
Айтсам мен ерлерімнің атын даттап,
Төгіліп сөз тасқыны кетед қаптап.
Паравоз машинисті Дюжев дейтін,
Басамын айшылықты алты-ақ аттап.
Ыңқ етпей, тау салса ада, көтеремін,
Үстіме Омаровша неше қаттап.
Атақты аты әйгілі Пухкише ұста


Бір күнде неше батпан соғам қақтап.
Зерекпін флотатор Қасымхандай
Мүлтіксіз мың тетікті алған жаттап.
Көзіңнен жайдың оты шашарайды,
Сварщик Бөкеевті айтсам нақтап.
Балдырған баладайын Козачеев
Әп сәтте мыңды алатын, мыңды саптап.
Мен ұста, мен машинист, мен жүкшімін,
Шал емен, үйде отырған бойын баптап.
Жерім көп мақтанарлық неше түрлі,
Көрікті сәнді қала, қызыл гүлді,
Саялап самалында Иран – бақтың
Кәрі-жас дем алады жазды күні.
Ой толғап радио шырқайды әнді,
Суырып түптеп тартып сұлу күйді,
Кәрі-жас күнде кино-театрда
Ду қылып, тай шаптырым зәулім үйді.
Мыңдаған адамы бар Жезқазғанда
Бір бақ жоқ ауыз толар осы құрлы.
Күн қызып ыстық бойды шарпығанда
Үйіншек пана болды үйдің түбі.
Кіршіксіз менің алып өндірісім,
Бұл себеп мол беруге өндірісің.
Жарқырап ту сыртыңа тұрған жоқ па?
Мойының соз, иланбасаң көрші, кісім.
Айна деп кескініңе қарар едің,
Алыптың өз көзіңмен көрсең ішін.
Сендегі кейбір цехті тұрсам көріп,
Кір басқан, шаң ұялап, өрмекші өріп,


Жүректі айнытады қоңырсыған
Мұрныңа әлдененің исі келіп.
Жылы болсын дегендей заводыңды
Қойыпсың белдемшеден күлге көміп.
Осыны көре тұра жақ жазбайсың,
Кеткендей бой үйреніп, етің өліп.
Көретін ойын-сауық халық келіп,
Клубың құлауға тұр жалп беріп,
Есігі жоқ, әйнегі тоқсан құрау,
Бүйірінен саңлауы жарық беріп.
Өрінен ойға қарай тіреу сапты,
Бір ғалымның жобасын салып беріп.
Жарықтық осыны өзі істеп пе екен,
Моласына Насырдың барып келіп,
Болман, сен кетпейсің бе «ғалымыңның»,
Бізге де бір үлгісін алып беріп.
Тұз үйіліп жатса да қастарында
Тұз салмай ас ішкенді көрген емен,
Болмандай ақын түгіл басқаның да
Сақал-шашы будырап кетіпті өсіп.
Жігіттің еріп келген қастарыңда,
Қаласында шаштаразы жоқ па, жаным,
Мұртты басып, сақал мен шашты алуға?
Жатақ үй кейбір жерде шеннен өткен,
Бүрге мен қандаласы үңгір еткен.
Бір түн түнеп ішінде шыққандардың
Ақ етін көк тырнағы күлдіреткен.
Зулкашовың басқарған жатақ үйді
Кім төсексіз, көрпесіз тұлдыр еткен.
Суым мол деп көпіріп көк жұласың,
Тамшы суға зар қылып сылдыр еткен.


Естімепті осыны ел көре тұра,
Үніңді тым болмаса міңгір еткен.
Барыңды бар деп айтып, жоқты жоқтап,
Түсірдім кемшілігін баудай топтап.
Аталы сөзге ақын тоқтар болар,
Ақиқатты мойындап, шынды құптап.
Болман:
Өзінің мінін бүркеп адалсынған,
Кей адам қорқып тұрар адал сыннан,
Сіз-дағы сол айтқанның керін етіп,
Осында жалтардыңыз талай шыннан.
Ойлама білмейді деп мінімізді,
Сол міннің жетегіне ап міні бізді.
Сүйрелеп осы топқа алып келді,
Жеткіз деп Шашекеңе мұңымызды.
Ақсақал, Қоңыраттай асқар алып,
Жұмысың кеткендіктен басқаланып.
Борышты болып жатса заводыңа,
Мынауың барып тұрған масқаралық.
Бір ғана авария жүзден артып,
Етектен Қоңыратты жатыр тартып.
Осыны тәртіптесең, өспес пе еді,
Майданға жөнелтетін мысың артық?
Шөліркеп шөлдегідей алыптарың
Көргеміз тамшы су деп тарыққанын.
Ауданнан станоктік су таппасаң,
Келгейсің Кеңгіріме алып бәрін.


Шашеке, жомартпыз ғой біз баяғы,
Өзіңдей талай дос – жар қол жаяды.
Тезірек адам жібер алып қайтсын,
Балқаштың аз көрінер шыны-аяғы.
Қораштау көрілгенмен көзіңізге
Жетерлік ыдыс беріп өзіңізге.
Сіз тұрсын, басқаны да жабдықтарлық
Осының заводы бар өзімізде.
Сұлу қыз, сұлу бақ пен әсем клуб,
Ісіңе неге сенің әсер қылып.
Су мүжіп, итіндірген моншаңызды,
Бермеді ремонттап әсем қылып.
Көптеген скважинаң шыққан бұрын,
Неліктен пайдаға аспай қалды құлап?
Ақсақал жақсы ініңіз Фоменкодан
Соны бір көріңізші әдейі сұрап!
Мастерлер жерге салса қашауы өтпей,
Жатқаны азаптанып жұмыс бітпей.
Көп болып соны неге түзетпейсіз
Бақ кезіп, сұлу аңдып, сауық етпей.
Айталық Қоңыраттағы Наумовты,
Өтірік талай рет ауырыпты.
Жаны тыныш жарты жылдай жатып ішіп,
Бірталай басшыларды сауын қыпты.
Мехцехқа шақырғандай ұйықтағалы,
Бүрісіп сұр қамзолын тұйықтап алып,


Шашеке, өлеңіңнен неге қалған?
Захаров жатқан шығар ұйықтап әлі.
Үнемі жұмыс тастап қыдырғаннан,
Басыңа қырсық орнап «қыдыр дарыған»,
Алаяқ аты шулы жалқауларың,
Шашеке, өлеңіңнен неге қалған?
Ақсақал, аса сөйлеп тым есірме,
Ісіңде былық көбін ал есіңе.
Болсаң да жүлде тиген жүз Шашубай,
Мен кепіл бұл айтыста жеңбесіне!
Шашубай:
Жұмыс қой сүйсінерлік ту алғаның,
Хабарын естігенде қуанғанмын.
Өзің айт төрелігін, ақын Болман,
Дұрыс па жалғыз туға жұбанғаның.
Төгілтіп Балқашыма күннің нұрын,
Төрт жерден желбіреп тұр қызыл туым.
Ту тіккен завод, Қоңырат ТЭЦ-іне,
Арнасын Шашубай қарт барлық жырын.
Төрт туды қатар алып желбіретіп,
Сүйдіріп алтын айды елжіретіп.
Шарықтап шың басында отырмын мен,
Астымда ақ айдынды мөлдіретіп.
Қолымда жеңіс туын айғайласам,
Даусымнан селк етеді тау дір етіп.


Күш алған қызыл тудан Лениндік,
Ерлерім жасағын селдіретіп.
Қарыштап күнде алға басып барад,
Фашисті жеңіліске мәжбүр етіп.
Қайтсең де маған, шырақ, теңелмейсің,
Мен тұлпар, сен ғой торы көбендейсің.
Төр туым төрт құбыламда тұрғанында,
Қалайша мені, Болман, жеңем дейсің?
Болман:
Халқыммен ұлы орыстың қанаттасып,
Өрледік талай асу қабатты асып.
Фашистің техникасын талқан еттік,
Келсе де тоқсан тоғыз қабаттасып.
Қуатты, батыр халық, батыл балуан,
Жеңістің шыңына өрлеп нешеме алуан.
Мықты ұстап коммунистік Қызыл туды
Тезірек құтылайық фашист жаудан.
Ол үшін еселеген еңбек керек,
Жеңісті де осы ұлы еңбек беред.
Ұлы еңбекпен тұтасқан күшті күрес,
Қандай жанды болса да жеңбек керек.
Ендеше, жезқазғандық батырларым,
Қопарған жер қоймасын батыл бәрің.
Майданның керегі үшін жан аяма,
Сұрайды тек осыны ақындары.


Шашубай:
Қайнаған табысымның мол бір көзі,
Сарқылмайды өмірінде оның өзі.
Ол – Лениндік партия қамқоршымыз,
Онсыз жоқ Шашубайдың айтар сөзі.
Не табыс аспанды алған, жерді жарған,
Не жеңіс жау жасағын талқандаған.
Тек оның есіміне байланысты,
Сондықтан аты ардақты оның маған.
Болманның да, менің де табысыма
Мың алғыс ұйтқы болған айтам соған.
Биылғы жыл табыс пенен жеңіс жылы,
Биылғы жыл қалмасын фашист тірі.
Жер үстінен зұлым жау өліп бітсін,
Елімде желбіресін жеңіс туы!
Балқаш пен Қоңыраттың қыз бен ұлы,
Өнімді арттыра бер күндіз-түні.
Майдандағы еріңнің күшін шыңдап,
Табысыңмен қарсы ал жеңісті ұлы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу