Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  287


Автор: Шашубай Қошқарбайұлы

ШАШУБАЙ МЕН КӨШЕН айтысы

Шашубай:
Балқаштың құтты жері Саршығаннан
Жыр төгіп, асқақтатып ән шығарған,
Тынысы тарылмаған жүйрік едім,
Үш жүзге мәшһүр болып даңқым барған.
Бұл күнде мыспен күптеп босағамды,
Шынтақтап Бектау − ата, Босағаңды,
Жастанып шалқар көл мен Дересінді,
Байлығым басып жатыр осы араңды.
Дариям қандай болса қазынам сондай,
Шоқтығым Алатаудай аса алады.
Жерім бар көз жеткісіз кең шалқыған,
Дүние таңырқаған зор даңқынан.
Көпіртіп, көк теңіздің көбігіндей
Сол жерден мың-мың тонна мыс қалқыған.
Алыбым күміс күптеп, алтын аптап,
Қазынам алқабымда жатқан қаптап.
Байлығы сарқылмайтын Қоңыратым,
Қойнына алуан кенін келген сақтап.
Айтқанын іске асырып заманымның,
Ішінде орнатылған аз-ақ жылдың.
Ернеуі қанша алса да кемімейтін,
Елімнің шығыстағы қазанымын.
Дүниеде завод болса нелер алып,
Келемін баса көктеп, артқа салып,
Ертектей елден елге аңыз болып,
Шығады Балқаш атым жерді жарып.


Өзендей арнасында қызыл мысы
Сарқырап күндіз-түні жатады ағып.
«Мак-Кули» машинасы үйдей тасты,
Быт-шыт қып қас қаққанша тастайд шағып.
Дүниеде екі алыптың біреуі – мен,
Басқасы астар түгіл болмайды әдіп.
Баса алмас салмағымды менің ешкім,
Бірімін шығыстағы алып күштің,
Қашан да менікі деп айта аламын,
Одақта үштен бірін өнген мыстың,
Байлығым ерік берген шарықтауға,
Келмеген қапталыма Қап тауы да,
Одақта үштен екісі менен өнген,
Сыймай ма молибденім мақтауыма?
Отыз ту жеңіп алған күн сымбатты,
Жеңіске жеткізгендей іс шыңдатты.
Көгертіп көсегемді көсем берген,
Ішінде бір туым бар ең қымбатты.
Біз берген молибденнен сауыт киіп,
Танкілер қалың жауға кетсе тиіп,
Талқандап темір торын, тас қамалын,
Тау-тау ғып өлексесін кетеді үйіп.
Байлықтың биік құзын ұялаған,
Қыранмын асқар көрсем қиялаған.
Балқашта тең келетін шың болмаса,
Шоқыға анау-мынау ұялаған.
Алтайдай биігімсің. Қарағанды,
Сен ғана тең келесің мына маған.
Досеке, Көшен қайда, Қайып қайда?


Кемшілік ұсамайды айыққанға.
Осында барды бар деп, жоқты жоқ деп,
Өзара сынға салсақ, айып бар ма?
«Жатпасын қисық ағаш тез алдында»,
Ақындар соны түгел сезе алдың ба?
Не жайда Қарағанды осы кезде,
Елестет бірің шық та көз алдыма?
Көшен:
Шашеке, жұрт алдында шаппай желдің,
Алдыңа әдеппенен сәлем бердім.
Орның бар шабыттанып шарықтауға,
Қырағы қыранысың айдын көлдің.
Байлығы Балқашыңның ұшан-теңіз,
Сай келген бағытына ерікті елдің.
Әйгілі бар әлемге мыс қазансың,
Төрінен орын алған туған жердің.
Жүйрік ең, талай топты шыққан жарып,
Тағы да кәрі тарлан ойнақ салып,
Басына бәйгі төбе шығып тұрсың,
Мен дағы қосылайын дабыл қағып.
Құтырып жау жағадан алған кезде,
Долданып аттанысты біздің халық.
Іргеміз берік еді әуелден-ақ,
Қас дұшпан жыға алмастай сырттан шалып,
Партия дер кезінде мезгеген соң,
Шығыста орнатылған біз бір алып.
Қалайша ел қуанбас, сен отырсаң,
Тұмсығын фашистердің мыспен қарып.
Былтырғы олқылықтан мен де арылдым –


Данышпан партиядан нұсқау алып.
Қолымда қазір менің қырық ту бар,
Солардың ортасында күндей жарық –
Отанның өзі берген Қызыл ту тұр:
«Табысқа! Жеңіске!» − деп, ұран салып.
Балқытқан мың тонналап болат темір,
Орасан заводтардың жаны – көмір!
Майданға қару-жарақ, азық-түлік,
Таситын темір жолдың қаны – көмір!
Мұз бұзып, толқын тілген, теңіздерде
Керемет кемелердің жаны көмір!
Бүгінгі техникалы тіршілікте
Көмірсіз, айта алмаймын, бар деп өмір.
Сарқылмас сол көмірдің дариясы,
Қапталған қара алтынның қазынасы.
Бойында Қарағанды сан ғасырға
Жетеді, Қап тауындай мол мұрасы.
Көмірдің күшін байқап қарасаңыз
Қамалдың бұзылмайды қай қиясы?!
Дегенде: «Қарағанды!» фашистердің
Үрпиіп, тік тұрады төбе шашы.
Өйткені, біздің көмір бомба болып,
Жауғанда, жерге кірген жаудың басы.
Жау төнсе, қаһарланып, оқ боратқан.
Күші бар тау бұзарлық неше батпан.
Соғыстың зор құдайы − зеңбіректер
Құтырған қасқырлардың жынын қаққан.
Автомат, пулеметтер шалғыдай-ақ
Дұшпанды қарсы келген шөпше шапқан.


«Катюша» майдан күйін ойнап берсе,
Сұмдардың арам қаны сел боп аққан.
Қаһарлы минометтер нажағайдай,
Жатағын фашистердің қоймай тапқан.
Көмірдің біз өндірген қуаты ғой,
Бәрін де осылардың шындап соққан!
Ақиқат менің мұным, емес мақтан.
Барып көр, бір-бір завод – әрбір шахтам.
Ішінде неше алуан механизм,
Көпіртіп машиналар көмір шапқан.
Мотормен сусылдаған науа арқылы,
Қара алтын тысқа қарай көл боп аққан.
Қорытқан құрыш, шойын, домна пештер
Отын ғып күндіз-түні соны жаққан.
Құрыштан жасалмайды нендей қару,
Бар ма еді хабарыңыз майдан жақтан!
Дүрілдеп жауар күндей бомбовоздар,
Дамылсыз көктен төніп жауға шапқан.
Басына сұмырайлардың саңғып өтсе,
Әлек қып астаң-кестең аспанға атқан.
Саны көп, қырғи-қыран самолеттің
Болмысы, білесіз бе, нендей заттан?
Ол-дағы көмір менен темір тегі,
Шар болат қайнап-пісіп, шыққан оттан.
Алмастай қызыл тілді кекке жанып,
Сөйлейін, тыңда біраз құлақ салып.
Көмірлі Қарағанды − менің атым,
Атағым досыма анық, қасқа қанық.
Кемшілік ісімізде аз болған жоқ,
Жасырмай шынын айтсам, қойныма алып.


Үдеттім қарқынымды қазір бірақ,
Құрышпен қиялымды қомдап алып.
Қара алтын мен тасытқан осы арадан
Тоқтаусыз Орал тауын орай ағып,
Қаһарлы кеп қару боп заводтардан
Майданға күндіз-түні жатыр барып.
Шарқ ұрып, о, Шашеке, шарықтадың,
Аз сөзбен айтарыңды анықтадың.
Жаңылып қалмағайсың, шолып өттім,
Қайратын Қарағанды танытқанын.
Кел бермен, айтыс болса іздегенің,
Менің де кесек тоят көздегенім.
Балқаштың артық-кемді жерін айтпай,
Бола ма айыбыңды тіз дегенің?!
Шашубай:
Үш жүзге даңқы кеткен Шашубай ем,
Айтыста шоқтығы асып жан жеңбеген.
Тап берген соны ұмытып бұл жиында,
Мынауың қай бала өзі өңмеңдеген.
Аңдап бас аяғыңды, тегі, балам,
Шашубай қиын тиер түбі өңгеден.
Салайын алдыңа әкеп бар мініңді,
Санай бер сыбағам деп Шәкең берген.
Мойныңда сан мың тонна борыш отыр,
Арылып тұрсаң, мақтан, бересіңмен.
Төлеттір борыштарын мойныңдағы
Қайда әлгі, «Ленинуголь» тіресіңнен.
Бірінде екі күннің ант-су ішіп,


Сен кімді семіртесің бересіңнен.
Шахтаның біреуі алда, бірі кейін,
Отырсың бірін жауып біріменен.
Тоғыз мың борышы бар «19-бис»
Басқадан жағдайының қай жері кем.
Көшеңді көмір басып жатса-дағы
Сен қашан мезгілінде жөнелтіп ең?
Жағаңа талай завод жармасқанын,
Балқашта жатсам-дағы білетін ем.
Бөгесең көмір бермей басқаларды,
Арт жағы не боларын білетін бе ең?
Алыптар айналаңа орнап жатыр,
Жүгіне жүк қосылар тап күні ертең.
«Жүргенде мұртқа өкпелеп, сақал шығып»,
Аптығып-сасып қалма ала алмай дем.
Батыра айтқан – достық деп түсінерсің,
Сөз ұғар адамсың ғой өрісі кең.
Ордам деп ортамдағы сыйлай берем,
Әйтпесе, мықтап тұрып иықтар ем.
Көшен:
Салсаң да шаршы топта самғап айғай:
«Баласы Қошқарбайдың, −деп, − Шашубай».
Өрлеймін сөз қамшысы өткен сайын,
Шын жүйрік шаба алмайды тер шашылмай.
Сыйлаймын, Шашубайсың, әбден білем,
Қадірлеп жайшылықта басымды ием.
Үйіме келсең, беріп бар мәзірді,
Жаямын жастық қойып, көрпе, кілем.
Кезіме аңсыраған кез кеп қалдың,
Бойлауық бәйгі бермес Шашубай ең.


Асқанда ақтық жасың жарты жүзден,
Кездестің тұңғиыққа мендей терең.
Бұлтарып, бұлтқа қарай жалтарсаң да,
Сыпырып, көктұйғындай, бір-ақ ілем.
Жас тұлпар мен жебесем, болдырарсың,
Болсаң да өрен жүйрік сүрінбеген.
Шашеке, сөйлеңіз сыннан бастап,
Ойыңыз – кемшіліктің бетін ашпақ.
Болғанда ретсіз іс бізде талай,
Кетесің өз мініңді қайда тастап?
Олқылық, жетіспеген сізде де көп,
Әр жерін жұмысыңның жатқан жастап.
Алты айлық мың алты жүз борышыңа.
Жүз жетпіс ысырабыңды әкеп қоссақ.
Мыс қарыз тонналаған екі мыңдай,
Жоспардан тұрған жоқ па кемін қостап?
Батасың несиеге шаш етектен,
Төлейтін борышыңды сомға шақсақ.
Тегінде, бұл несие қайдан шықты,
Ісіңіз жып-жинақты болса шап-шақ?
Айтыңыз салыстырып іс салмағын,
Жарай ма сәл нәрсеге көз салғаның.
Бәйгіден келмеді деп бар тресің,
Кеміттің бассейннің бір тармағын.
Міндетсіп осы болса таққан кінәң,
Онымен кеміген жоқ күш салмағым.
Екі жыл әзірлігі артта қалған,
Қоңыраттың неге айтпайсың кемдік жағын?
Турашыл ақын болсаң талдап сөйле,
Шашеке, кешегі алған туың қайда?
Балқаштың кім кемітті аруағын?


Шашубай:
Қазақтың ақындары нелер дарын,
Шашубай білетін ед жатқа бәрін.
Солардан иығы асып, топты жарған,
Әзірге естігем жоқ Көшен барын.
Әркім ғой қолда барын теке қоймақ,
Байыптап осы арасын ойла, жаным.
Жамандап қазыналы Қоңыратты,
Неліктен сені, шіркін, тәңір атты.
Жұмысы мақтағысыз жаман болса,−
Қалайша ол, Наркоматтың туын апты?
Ешкімнен сенен басқа естігем жоқ,
Қоңырат деген сөзді артта қапты.
Құлақ қой, есің болса, мына маған.
Мен сені жалған айтып кінәламан.
Жақсысын бассейннің жоққа тән ғып,
Білесің, айтып тұрсам, күнә маған.
Сондай-ақ Қоңыраттың барын бүгіп,
Не шығад құр орынсыз сынағаннан.
Ол рас, дайындық іс нашар деген,
Бұрқ етіп бір жаманат шыға қалған.
Сонда мен Қоңыраттың кемшілігін
Батыра сенен бұрын сынап алғам.
Шашубай оны естімей, Көшен боп па
Еті өліп кемшілікке шыдап алған.
Қоңыраттың бір зор міні ашылғанға,
Шашубай деп қалмаңдар ашынған ба?
Ежелден тап беретін әдетім-ді,


Өз мінін көлегейлеп жасырғанға.
«Он жеті бисің» дағы ұқсамайды,
Күніне бес мәртеден асырғанға.
Сонда ғой, бір адамның тәулігіне
Қазғанын есептеген кісі бар ма?
Тұрғандай жақсылығың жаннан асып,
Орынсыз мақтанасың неге тасып?
Екі күннің бірінде авария,
Иығыңнан жатқан жоқ па мықтап басып?
Егер маған сенбесең, осы жұрттан,
Авария бар ма деп көр сұрасып,
Өйткені, бұған дейін сөйлеспепсің,
Новиков, Қинаштармен бір сыр ашып.
Авария дегенде, Горькийлықтар
Көрдің бе, бұға беред басын қасып.
Әлгі бір номер алты жаңа шахтаң
Құтылад, мінін қазсам, қайда қашып?
Екі күннің бірінде тоқтап қалып,
Борышың кеткен жоқ па шаштан асып?
Жеңіс те, кемшілік те алмағайып,
Ендеше, менен тапқан кейбір айып,
Үңілсең өз бойыңа тереңірек,
Сенде де тұрған жоқ па бадырайып.
«Бас жаққа, ту жағына барыспайық.
Мен-дағы кемшілікке мойындаймын,
ТЭЦ туралы айтқаның – орынды айып.
Бірақ та, жеңіл алған туы бар деп,
Дәріптеп күні кеше ақын Қайып,
Жер-көкке сиғызбаған Тарабанов.


Туынан қалған жоқ па сол да айрылып?
Шашубай сен болмасаң, сеніп отыр
Ертең-ақ келеріне ту қайрылып!
Көшен:
Шашеке, салыспайық дауға дамай,
Сөзіңе сөз айтамын, болсын орай.
Қара алтын ордасында отырғанда,
Бұл Көшен уысыңа түспес оңай.
Өткір сөз дәл тиген соң шымбайыңа,
Салдың ба зор дауысты айғайыңа?
«Алыссаң – атаңды жық» деген сөз бар,
Мінгізіп бір алайын оңтайыма.
Келгенде судай сырғып Қоңыратқа,
Бой бермей сүйенесің тіл мен жаққа.
Баспайсың аяғыңды сүйресем де,
Тоңқайып құлап жатқан вагон жаққа.
Қойылмай темір жолдың ісі ретке,
Аптығып жұмысшылар жүрген жоқ па?
Қоңырат сол қырсықтың салдарынан
Төлеп жүр мыңдаған сом штрафқа.
Жоспарды толтырам деп апырақтап,
Мығымын күштің салдың топыраққа
Табысың жүз мың емес, одан да көп,
Көп сөздің көптірмесін қақсаң шотқа.
Туынан Тарабанов айрылды деп,
Бойыма жараспайтын мінді тақпа.
Өзіміз ауыстырып алып бердік,
Шыққан соң одан-дағы озат шахта.
Келе ме кемітуге Тарабанов,


Әлі отыр ие болып жақсы атаққа.
Құр бекер жеңем деудің жөні осы деп,
Буынсыз тұтас жерге балта шаппа.
Шашеке, − авария – басты мінің,
Бос тұрған талай рет болды күнің.
Бейқамдық, салақтықтың салдарынан
Отырсың, өрлей алмай табыс шыңын.
ТЭЦ-ың жарты жылда он бір шөкті,
Ойлама, мен білмейтін бар деп сырың.
Электр станциясы деген кезде
Цехтарың зар қағады, айтсаң шынын.
Июньнің он төртінде барлық завод
Отырды жинап қойып жоспар-жүгін.
Қаспағын бу қазанның қырмай қойсаң,
Өзің айт, мен бе, сен бе, кінәлі кім?
Қоңыратта жойқын күштер істеп жатыр,
Тамаша соның бірі − эксковатор.
Діңгектей азуымен кенді көссе,
Қалады төбедей жер болып тақыр.
Бойлатып болат бұрғы тас қашаған,
Күрделі станоктар іске батыл.
Осындай қуаты зор құралдардың
Көргенде бос тұрғанын, ішің ашыр.
Шашеке, жұмысыңда «кілтипан» көп,
Қаншама дегенменен сөзім асыл.
Бұрғылар тамшы суға зарығуда,
Сәл нәрсе үлкен іске болып масыл.
Мақтаған «Мак-Кулиің» ауық-ауық
Қалады тас орнына темір қауып.


Қақалып қалатыны не себептен,
Темірді Балқаш қайдан алған тауып?
Балқаштың кен байытқан фабрикасы,
Емес пе мыс заводтың бел арқасы.
Астынан руданың сүзіп алған,
Осында машинаның тамашасы.
Бас-көзін былғанышқа бастырғандай,
Бар еді фабриканың не жазасы?
Күтімі жабдықтардың кем болған соң,
Жұмыстың түсті төмен дәрежесі.
Құрал күш іске толық аспаған соң,
Ысырапқа кетіп жатыр мыс тазасы.
Январьда «демалысқа» шыққан пештің,
Шашеке, қаланды ма қабырғасы?
Сақталмай берік түрде ережесі
Ісіңнің көбеюде қарбаласы.
Аптыққан бастықтардың қолы тимей,
Шаруаның шабандауда кең саласы.
Басынған соң, бұлақтан басқа шығып,
Балқаштың еркіндеп жүр қандаласы.
Шашубай:
Шу бетте өзің келіп ұрынғанға,
Мынау бір жеңгізбейтін тірі жанға.
Дарынды ақын десем, сөзуарсың,
Бос сөзге болдырмайтын бірер таңға.
Екі сөздің бірінде Қоңырат деп,
Балқаштан барлық тапқан кінәң сол ма?
Вагондар жазатайым тайып кетсе,
Баттиып бетке соғар мін боп па ол да?
Тереңірек тексерер кісі болса,


Оңып тұрған жоқ еді-ау, Сіздің жол да!
Шахта сайын он-ондап вагонеткең
Шашылап жатқан жоқ па құба жонда?
Жұрттан асқан пысық боп жиып алсаң,
Біреу ұстап тұрды ма сені сонда?
Қазанның өзің түсіп қаспағына,
Таң қалдым бетіме әкеп басқаныңа.
Өткен істі сөз қылып не ғыласың,
Алдеқашан қырылып тасталды да.
Мен саған ат көтермес «алғыс» айтам,
Айтысқа қаспағымды қосқаныңа.
Көшенім, неге керек артық мақтан,
Сен онан, тілімді алсаң, ерте сақтан.
Бере алмай жер астына бос вагонды,
Малтығып жатқан жоқ па талай шахтаң?
Бос өткен шахталардың уақытын
Есептеп көмірге әкеп болсаң шаққан.
Бұл дертке ұшыраған шахталарың
Борышын болар едің немен жапқан?
Жөнелткен көміріңнің күлі көп боп,
Заводтар тресіңе айып таққан!
Кезінде сол былықты көрмей қалып,
Комбинат басшылығы нені баққан.
Кәнеки, мықты болсаң арылып көр,
Денеңе осылардан түскен дақтан!
Шырағым, тап бердің бе қандалама?
Тағы да айт тапқаныңды, қорғалама.
Жалы жоқ, құйрығы жоқ бір шіркінге,
Сасқанда жармасқанмен жан қала ма?


Өзің содан арылып отырғандай,
Өзгеге мін таққаның жөн бола ма?
Отыз бірде қандалаң сонша қалың,
Неге тиым салмайсың сен соларға.
Түн болса барақтарға шабуылдап,
Қуады жұмыскерді айдалаға!
Көп жерде барақтарың әлі былық,
Аңқиды әлде ненің исі шығып.
Қолыңды қашан келіп бөгеп едім,
Ұстасаң тап-тұйнақтай таза қылып?
Қырық бесінші шахтаның моншасына
Қыстыгүні жуан елі қырау тұрып,
Ел қатарлы жуыну былай тұрсын,
Барлығың жатпаушы ма ең мұзын қырып?
Жұрттың қамын ойлайтын жақсы болсаң,
Неге соны қоймадың жылы қылып?
Шахтаңда жұмыскерге берген киім
Саудаға салатұғын емес бұйым.
Аз емес базар асып кететіні
Көрместен сол адамның тұрған үйін.
Ойласаң тереңірек осы қылық,
Төгеді Қарағанды абұйырын.
Көзің көріп, көңілің біліп отыр,
Осыған салмақшысың қашан тиым?
Сараяз сақылдаған қыс келгенде,
Ойласаң не болады сонда күйің?
Бақшаңда ағашыңда шаң бір елі,
Күлімсіп, көлің сасып іргеңдегі,
Жатқанын, көрмеген боп өте берсең,
Қалаңа енді қайтіп сән кіреді?


Бар шығар тағы талай салақтығың,
Бастығы горкомхоздың сылбыр еді.
Көшен:
Баспақ боп бадырайтып мінді бетке;
Кемшілік жинақтадың кемітпекке:
Аумағын ат шаптырым бассейннен,
Ізденіп бар тапқаның вагонетке.
Бұл бірақ сізге тоят бола алмайды,
Айтылған сөз сияқты күлдірмекке.
Мінсеңіз Қоңыраттың вагонына
Шашеке, жете алмас ең бұл дүрмекке.
Балқаштың транспорты шапса біздей,
Бір күнгі жарамас ең бүлкілдекке.
Қосақтап кемшілікті қалдырмайсың
Бар ма ойың бізге әкеліп телімекке?
Қай жерде көрінеді білгендігің,
Қырандай сорғалап кеп ілгендігің,
Шындыққа жарасады, жанасады,
Қинаш пен Новиковты бүргендігің,
Шалағай, дөкір басшы болғаннан соң,
Сан рет сізден бұрын мінегенмін.
Мен емес мұндайларды қорғайтұғын,
Олақты ұрса екен деп тілегенмін.
Жалғыз-ақ соңғы сөздің орынды емес,
Кемітіп көмірімді күл дегенің.
Күннен күн артылсын деп қуат—күшің,
Ағыздым көміріммен тастың мысын.
Жүз тоннаң шығын болған ысырабыңды,
Көмірдің күлінен деп отырмысың?


Отынды менен алған шашпай жақсаң,
Өнімді болар еді көп жұмысың.
Басқаға жаршы болып сайрағанда,
Балқаштың неге айтпайсың кемдік ісін?
Шашеке, құтылмайсың қармағымнан,
Ілемін келсең-дағы қай жағымнан.
Ақыры қысылған соң моншаны айттың,
Бір кезде әлде қалай қар жамылған.
Айнадай іші-тысы қазір көрсең,
Күтіліп, үзілместен от жағылған.
Шашеке, сөйледіңіз көп екпіндеп,
Бастасам сіздің жайды мен біртіндеп.
Қалалық үлкен моншаң алқам-салқам,
Жаз бойы жөндемепсің бір бүтіндеп.
Лайы өткен жылғы көпсіп жатыр,
Жүніндей арық қойдың жұлған жүндеп.
Осындай айыбымды айтады деп
Алдыма кес-кестейін, көлденеңдеп .
Бір үйді төрт жыл болды салғаныңа,
Уақыты бітіретін болмады ма?
Пәтерсіз жұмысшылар қынжылады,
Іске аспай игіліктің қанғанына.
Бастығы Шығыс Қоңырат Косих деген,
Сол боса адамыңыз пысық деген,
Монша жоқ, асханасы тағы былық,
Бір қырсық көрінеді, қисық келген.
Шатырда кеншілерің жатыр, көрдім,
Қайтесің қыс күнінде қысып келген?


Бесінші, он алтыншы асхананың
Айтуға былықтарын жасқанамын,
Пісіріп берген балық жеуге келмей,
Барған жұрт татпай оны тастағанын.
Бұл жайды білгенімен Янкин жолдас
Есігін асхананың ашпағанын,
Қоғамға қызмет ету ол орнына,
Сайранды базалардан бастағанын;
Бастығы общепиттің бола тұрып
Арақты литрімен тастағанын,
Толтырып қойны-қоншын керек затқа,
Кергенін кеңсесінде қас-қабағын.
Шашеке, мен айтпаймын, Сіз сұрама,
Өзіңе тап бермесін ашқарағың.
Шашеке, сөз бастадың өзің тасып,
Жібердім тегеурімді басып-басып.
Қарпуым қатты болса, амал қанша,
Сіз бірақ қалмағайсыз оған жасып.
Кемшілік, тере берсең әлде де көп,
Бастысын жетед-дағы берсең ашып.
Қария, адамдарың қайда сенің,
Жақсыны сөйлесеңші бір жанасып.
Шашубай:
Көз тұнған көп міндерін асхананың,
Әйгілеп жұрт алдында тастағаның,
Көрсін деп бүркеп қалған былығыңды,
Мені де асханаңа бастағаның.
«Кировта» жұмыртқа ұрлап қолға түскен,
Сенің де бар еді ғой ашқарағың.


Жақында жұрт шулатқан қай асханаң,
Айтпай-ақ қойғанымда басқаларын?
Түстеп айтсам аузыңа құм құйылар,
Сөзді қой, бойыңа құт ашпағаным...
Айт деуің адамыңды өте лайық,
Айтпаса келістіріп, ақында айып.
Бар өнердің тетігі адамда ғой,
Еңбектің ерлеріне бұрылайық.
Соның бірі Байғазы Ысмағылов,
Айына мың тонналап мыс айырып,
Өзінің ерлігімен олқылықтан,
Есесін алған жоқ па бір қайырып?
Жеңіс деп, жең сыбанып шыққан беттен
Артына қарамайды бір қайрылып.
Алдында таудай бөгет тұрса дағы,
Көрмеген қиындықтан жүрегі айнып.
Ісінің қыбын білген шебер адам,
Жылдық іс істеп кетсе, бір-ақ айлық.
Төрт айдай алдына бір жан салмаған,
Жарыста ұлы дүрмек бір талмаған,
Топ жарған әрі батыр, әрі жүйрік,
Шашасын, қанша шапса, шаң шалмаған.
Мың тонна қызыл мысты балқыт десең,
Өмірде қабақ шытып шаршар ма оған!
Атақты Имамбаев даңқы күшті,
Бір күнде адақтайды айлық істі.
Қасында қорытушы Трофименко,
Өзендей тасқындатып қызыл мысты.
Еңбекпен ел алдында ер атанып,
Атағы не батырдан артып түсті...


Әр ісім жеңіспенен аяқталған,
Кісім жоқ бар өнерін аяп қалған.
Жақсыбектің тапсырған артық мысы
Бір миллион патронға таяп қалған.
Ісіне ел сүйсінген Әли батыр,
Қаруын қолына алып перфоратор,
Молибден рудасын көл-көсір ғып,
Майданға керегінше беріп жатыр.
Атақты адамым көп айтылмаған,
Өмірде оттан, судан тартынбаған.
Бұрғысын Давыдовым қадағанда,
Қаратас керегінше қалшылдаған...
Ел, майдан асқар таудай бел көретін,
Жеңіске ерліктерін мол беретін,
Сен-дағы кісің болса ортаға сал
Табысы осыларға тең келетін!
Көшен:
Ар үшін, намыс үшін, Отан үшін,
Салғанда совет халқы барлық күшін,
Мадақтап Қарағанды ерлерінің
Тамаша жанқиярлық айтсам ісін.
Долданып көбік шашқан толқындай-ақ,
Келеді көз алдыңа кесек пішін.
Шахтам жоқ топқа түсіп жарыспаған,
Кек үшін, жеңіс үшін алыспаған.
Отыз үш, қос он сегіз, он екінші
Кезекпен қолдарына ту ұстаған.


Бұлардың аты шулы бастықтарын
Шашеке, жақсы білу парыз саған.
«Киров» пен «Жиырманшы» өрлеп келед,
Болсаңыз алыптармен таныспаған.
Кеудеде кектің оты жалындаған,
Үн қосып ерлеріне дабылдаған,
Көмірдің майданында күреседі,
Ұл-қызы алпыс ұлттың мыңдаған жан.
Бір-бірлеп атақтысын санап берсем
Аттары әлденеше мыңға барған.
Біреуі өнерпаздың Николаев,
Жас жігіт алғырлығы таңғажайып.
Алуда көмір кенін жүйесімен,
Көрсетті көпшілікке үлгі жайын.
Қазірде ол бастаған озат шахта,
Табысқа ұшан-теңіз отыр байып.
Планнан тыс бергені жарты жылда
Жиырма мың тонна болды келсек сайып.
Еңбегі, еткен ісі тағайынды,
Үш жігіт ортан қолдай ағайынды,
Әубәкір, Мұстапа мен Сыздық шапса,
Қайламен қара тасты қақ айырды.
Сап түзеп сілтегенде күректерін,
Жеткізбей тастап кеткен талайыңды.
Күрекші Жұмажаным жолбарыстай,
Қарқынға қойған емес қарқын қоспай.
Планын сегіз айдың жарты жылда
Орындап, зымырайды ұшқан құстай.


Атақты бригадир Әділ, Сәкен,
Солардай ардақтымыз Кәрібай, Шәкен.
Жас түлек кеншілердің серкелері,
Қапаш пен Гороховтай кім бар екен?
Бәйгіде ұлы дүбір көп сыналған,
Бәйсекей, Бекбосын бар қарт қыраннан,
Салсаң да өрден өрге өршеленіп,
Келеді бір шалдырмай екі тарлан.
Бірінен біреуі асып түсіп жатыр,
Талай жас осылардан өнеге алған.
Союзда аты әйгілі Түсіп батыр,
Кісі жоқ Балқашыңда бұған татыр.
Ордені кеудесінде жарқырайды,
Осындай адамдарым толып жатыр.
Шашубай:
Сан білгіш сөз мәнісін саралаған,
Айтыста салмағымды шамалаған,
Ырзамын бала бүркіт Көшеніме
Алысып, алдырмаған бағанадан.
Осында кемшілік бар деген жерде,
Ақтарып түкпірі жоқ қарамаған.
Амал не, басым алтын, кеудем күміс,
Шығар жоқ тұяғыңды қадағаннан.
Мінің көп әлі де мен санамаған,
Қол үзбей қара ордаңды сағалаған.
Айтады дос жылата, қас жұбата
Өзіңдей қынжылмасам, табаламан.
Бас мінің, ашып айтсам тәртіпсіздік.


Жыл бойы Біріншіңді сабалаған.
Қырсауың Садировтай лавада ұйықтап,
Жасаған прогулы балалаған.
Қоздатқан Сқақовтың өтірігін,
Боларсың әлі күнге санамаған.
Бес моторды өртеген Расигің,
Шашубай жапты демес жала маған.
Алғысынан сөгісі он есе көп,
Уәде жоқ айтқан жерден шыға қалған!
Тап беріп Қинаш отыр бұйрығына,
Бұйрықтың боқтау жалғап құйрығына.
Уәдесін бүгін берсе, ертең жұтып,
Өтірік ант етуден тыйылды ма?
Бір кезде Новиковың мақтау алған
Мешеулеп осы күнгі артта қалған.
Шахталарда не болып жатқандығын,
Өзі барып көрмейді бірін алдан.
Телефонмен ұзақ күн бұйрық беріп,
Трубкасы түспейді ылғи қолдан.
Басшылықтың бар түрі сол болғасын,
Қай уақыт мін түзеліп, жұмыс оңған?
Комбинат озық болып жазы-қысы,
Балқашта асып түссе барлық ісі.
Не себептен нормасын орындамайд,
Дені сау бассейнде төрт мың кісі.
Балқашта ондай адам жүзден асса,
Өлер ем қапа болып ішім пысып.
Еңбектің өніміндей үлкен іске
Көшеннің келмей отыр тоқталғысы.


Менде еңбектің өнімі жүзден артық,
Әрең-әрең сенікі тең жартысы.
Келіп қайт, өнегемді үйретейін,
Бұ да бір жақсылықтың жоралғысы...
Көшен:
Айтысқа ә деп бастап беттегенде,
Айтылды жетіскен де, жетпеген де.
Сайыста сөз найзасын салыссақ та,
Қуандым ардан аттап кетпегенге.
Ағасың, ауыр айтсам, айып етпе,
Жүрмейді сөзге қолқа ду-дүрмекте,
Ежелден ер мен ақын ел қаруы,
Аруағы көтеретін жекпе-жекте.
Сөз шықсын ақындардан ақ алмастай,
Туған ел шақырғанда қанды кекке.
Аяқтан алыптарды алмасын деп;
Жасырмай басып айттық мінді бетке.
Сөзіңе сөз қайырсам ретімен,
Шашеке, тағы тулап мені сөкпе.
Адамдар менде болса, сенде де бар,
Іске олақ, сөзге мырза, ісіп-кеппе.
Сүмеңдеп жалқауың көп артта қалған,
Үлгі алған Мақатовтай соғылғаннан.
Тезге сал Карнухиндей қырсауыңды,
Күні жоқ нормасының орындалған.
Қаншама айтқаныңа көнбейтұғын,
Соншама еркелейтін не қылған жан?
Жапақтай алаяқты көріп келдім,
Қыдырымпаз, бір қуыңды сидаңдаған.


Шайденко, Балқашыңда ол да бастық,
Болғасын ісіңде көп қарбаластық.
Қалады бір ай озса, екі ай кейін,
Аяғын тұсағандай біреу тас қып...
Тағы айтсам былтырғы жыл күзгі айларда,
Қыруар шіріп кеткен овощ қайда?
Жасамай әзірлікті Андреев
Қусырып қолын отыр тағы жайға.
Тауып алып комхозымды жатқан бұғып,
Сылбыр деп тіліңді бір алдың сұғып.
Жұмыстың бітірмеген үштен бірін,
Қоясың Аврамчукті қайда тығып?
Қай қақпан қирап қалған шаңқай түсте,
Аверчук паравозбен бір-ақ ұрып
Жұмсаған соны менің комхозым ба,
Болмаса боран айдап келді ме ығып?
Перебинус сөзге шебер тұрған сайрап,
Тағы да жатқан шығар қаулы сайлап
Қаулының жүзден бірі орындалса,
Балқашың кетер еді-ау гүл-гүл жайнап!
Шашеке, кемшілікті менен тапқан,
Демеймін өтірік сөз жала жапқан.
Орынды көрсеттіңіз борышымды,
Әзірше етегімнен басып жатқан.
Әзірмін күні бүгін аттануға,
Ағызам қара алтынды күш қайраттан,
Күттірмей жыл аяғын отаныма,
Борышты мен болармын бұрын жапқан!


Доскей Әлімбаевтың басалқы сөзі
Жыр қуған он бес жастан Доскей едім,
Арқаның адыры емес төскейі едім.
Сөйлесем алқақотан шаршы топта,
Шұбалған шалқар құлаш көштей едім.
Айтыста қия-тартыс алма-кезек,
Қызыл тіл мүдірмейді жорта желіп.
Ақындар арындаумен аға бермей,
Азырақ бөгеліңдер бойды тежеп.
Делебем қозып кетті дүбір көріп,
Алайын мен де біраз жорта желіп.
Аузыма түйдегімен жыр түседі,
Байқасам айналамды көзбен шолып.
Басынан тілмар ақын Шашубайым,
Халыққа сөз таратқан әнмен өріп.
Көшелі көрінеді Көшенім де,
Намысын жіберген жоқ қолдан беріп.
Кемшілік, жетістігін қос алыптың,
Екеуі недәуір-ақ айтты теріп.
Талас жоқ жақсы адам мен табысыңа,
Орынды сөйледіңдер күшке сеніп
Тартыста тең түсетін ақынсыңдар,
Екеуің екі алыпсың белі берік.
Шешеді жыр түйінін жыл аяғы,
Сендерге көрем сонда сөзді беріп.


Балқаштың бауыр еті Жезқазған бар,
Өлшеңдер оның-дағы ісін көріп.
Секілді Аймұқанов бар кеншісі –
Ерлерге жорықтағы болған серік.
Әлде де іс салмағы алда жатыр,
Майданда қызды бүгін отты көрік.
Қаһарлы балаларым қас дұшпанға,
Алқымдап жұтқызуда қанды көбік.
Басылмай еңбек ету бізге парыз.
Жойғанша зұлым жауды жерге көміп!
Отанға халқым менің берген сертін,
Ақтайды абыроймен емін-еркін.
Күдіксіз бұған куә бола алады
Бірлесіп қимылдаған күшті серпін.
О, жұртым, сенем сенің елдігіңе,
Көрсеткен ризамын ерлігіңе.
Жан сала жеңіс үшін қимылдаңдар,
Таңдансын барлық әлем өрлігіңе!
Шашубай:
Табысты тасқындатып селдетейік,
Мыс, көмір, молибденді көлдетейік.
Екі алып шығыстағы тізе қосып,
Құруын фашистердің тездетейік!
Алып күш аяқ бассам қабындаған,
Балқаштың сағаты жоқ дамылдаған.
Жүкке жүк қосылғанмен жыл соңында,
Көтер де, демек емес ауыр маған!
Мыс, молибден екі есе артады деп,
Сене бер осы бастан,қауым, маған!


Көшен:
Алдағы жыл салмағы болсын қандай,
Әзірмін қимылдауға бір де талмай,
Үн қосқан ақынына кеншілерім,
Көмірді боратады жауған қардай.
Серт етем, ант беремін ел алдында,
Жаралы, жауға түскен жер алдында,
Тарттырман тізгінімнен – белім берік,
Ант етем партияның өз алдында!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу