Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  122


Автор: Сұраған Рахметұлы

Көп ай болды

Көп ай болды
ел дырдуға салғалы.
Асқазанға құлақ бітті қалқиған.
Көкке қарап сақ-сақ күліп
Балбалы,
Көн далада шөп ұшынан
шалқиды ән.
Жатыр түздер бүлк-бүлк
соғып тамыры,
Теріс ақты, теріс ақты
бар бұлақ.
Құранымен қайшыласып
Тәңірі,
Құлағымен шапқылап жүр
арғымақ.
Баласындай зыр жүгірді
Абайдың,
Артық туған, шалқып туған
Құнанбай.
Қолдың қаны қызыл гүл боп
талай мың,
Жолдың бәрі иірілді
жыландай.
Ми жын болды, бас қарын,
Кісі артына орман өсті
жалаудан.
Мәстектердің көрдік талай
«асқарын»,
Аспай жүрген белуардан,
танаудан.
Бақыттының жабығында
жортып таң,
Уақыт күнін іңір жұтып
қап-қара.
Мұз, мұз туып мейірім
жатқан қолтықтан,
Қыж-қыж қайнап міскін
отыр тақта арам.
Иесі үйдің ит миына жерік-ті,
Келешек тұр арсылдаған
қарғылы.
Көмейіне түйе сыйды
бөрікті.
Кедейінен ұзамаған
жарлының.
Өзімізді айыра алмай
сүліктен,
Көзімізді сатып лайым көп ізге.
Желісті деп,
Келісті деп Күліктен,
Теріс қарап мініп жүрміз
Өгізге.
О, Жасаған,
«Көккептердің кебін ұқ...»
Бас жібі құр, ал қамшымыз –
Қияқтан.
Өгіз алға, біз кейінге тебініп,
Сүйек терін ағызамыз тұяқтан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу