Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  114


Автор: Серікбол Хасан

АСЫҒЫСТЫҚ ЕТПЕҢІЗ

«Қай кезде де көрсете біл дес үлгі, –
Деген үкім құлағыма жетті еміс.
– Қылкөпірде тұрсаң-дағы шешімді,
Шығаруға асығыстық етпеңіз!»
Бұған куә, мына әңгіме үлгілі,
Түсінгендер түйсігімен талғамдар.
Тек тілерім, аңдаусызда бір күні,
Көлденеңнен кесім айтып қалмаңдар.
... Өмір сүрді қаусаған шал жырақта,
Болған еді жалғыз ұлы, бір аты.
Көзі түсіп ел патшасы сол атқа,
– Мұны маған сатарсың? - деп сұрады.
– Жартысын-ақ қазынамның ұсынам,
Жалғыз атты бересің бе? - деп еді.
– Досын қашан сатып еді мұсылман,
Жалғыз атым – жалғыз досым, - дегені.
Ал таңғысын жоқ боп шықты қорада ат,
Белгілі деп ханның ұрлап алғаны.
Ауыл жұрты жаман шалды табалап:
«Барға – базар болғанда..., - деп жалғады.
– Байыр едің, қалдың енді қарайып,
Жалғыз атты аяп едің, жыланып.
– Асығыстық етпеңіздер, халайық!
Болжам жасау ерте шығар тым әлі.
Кім біледі, қандай уақыт қарсы алар,
Мүмкін, бұл да жақсылықтың арқауы –
Деп еді шал, қарқ-қарқ күліп басқалар,
– Әй, сен де.., - деп қолын сілтеп тарқады.
Он тай ертіп қайтып келді бұрынғы ат,
Шындығында ол, ұрланбапты... қашыпты.
Мұны естіген баяғы жұрт «ырымдап»,
Келген атқа кесім айтып асықты.
– Атың сенің бағың екен, кеш бізді,
Сенікі жөн, біз жаңылдық, білмедік.
Деп еді,
Шал тыңдамастан ешкімді,
Тағы лезде шыға келді түнеріп.
– Асығыстық етпеңіздер, жамағат,
Ат келгенмен, артын оның кім білген?!
Қуаныш па, қайғы ма оны жобалап,
Болмағанға болжам айтып білдірмен.
Күлді ел тағы,
Уақыт өтпей баласын,
Қарияның тай таптапты, сынды аяқ.
Мұны естіген ауыл жұрты таласып,
Шалды келіп мүсіркепті, күнде аяп.
Шал айтыпты:
– Асығыстық етпеңдер,
Шындық осы – сынды ұлымның сүйегі.
Шешім айтпай... істің соңын күтсеңдер,
Жақсылыққа жалғастырар Иеміз?!
Айтқандай-ақ, шауыпты елге жау қалың,
Жинапты хан барлық ерді майданға.
Қанжар ұстар жігіттерді қауқарлы,
Қару беріп жауға қарсы қойды алға.
Қара шалдың жаралы ұлы үйінде,
Жарамсыз деп алдырмады құлынын.
– Кемтар ұлың бағың екен сенің, - деп,
Тіледі жұрт оралуын ұлының?!
Бар халыққа басу айтты шал тағы:
– Асығыстық етпеңіздер, ақтала.
Кім шаттанар, ал кім азап тартады,
Нығметін белгілейтін Хақ қана.
Мүмкін бақыт, мүмкін қайғы көкке өрлер,
Құлшылық қыл, сақтар бәлкім бір Алла.
Күдер үзіп, асығыстық етпеңдер,
Жаратқаннан жаманшылық сұрама!
Бұл әңгіме ғибрат болар, (болмас та),
Тірлігіне тәлім алар керегі.
Жақсыны ойла, өзгелерге ор қазба,
Өткен қайтып оралмайды себебі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу