Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  125


Автор: Серікбол Хасан

МЕНІҢ «КРЫШАМ»

Екеуміз отырыстан бұрын қайттық,
Келеміз жол қысқартып әңгімемен.
«Бір сұрақ қойсам деп ем, шыныңды айтшы,
Крышаң кім?» - деп сұрады әлгі менен.
Досымнан күтпегем-ді мұндай қылық,
Білдім де бірдеңе іздеп бәлсінгенін:
«Айтайын, тек бірақ-та, құмдай сіңіп,
Әңгіме осы арада қалсын», - дедім.
(Кетердей сол мезетте-ақ орға жығып,
Сенсеңіз, менің аузым – торығаны).
«Крышамның» өмірдегі қорғанымның,
Білсеңіз, Рахман, - дедім, - оның аты».
Шаттанып «құпиямды» ашқанына,
Асығып мекеніне ол кете барды.
Таң қалып жолдасымның қашқанына,
Жаяулап жол үстінде жеке қалдым.
Ес жиып отыр едім ертеңгі күн,
Ентігіп жұмысыма жетті ол тағы.
Ойлап ем енді нені шертер бүгін,
«Әлгі ғой, - әңгімесін деп жалғады.
– Көрген ем көпшіліктен сұрастырып,
Таппадым, (білдірмеп ем жан-адамға).
Алдың-ау өз ойыңнан құрастырып,
Сен айтқан Рахман өзі бар адам ба?
– Мұныңды естімесін надан, білмес,
Соны ойлар саналы өрең бар ма сенің?
Рахман – жаратылған адам емес,
Ол – қамқор Жаратушы Алла, – дедім.
Мұндай да болады екен масыл-ермек,
«Крышамның» болыпты оған не керегі?
Оқ бойын отырса да ашу кернеп,
Таңдантты ештеңе де демегені.
Отырып ой-сүзгіге салсам бүгін,
«Крышасыз» өмір сүру қиын екен.
Қалғанын кім біледі қанша күнім,
Сондықтан, тек жақсылық жиып өтем.
Тәңірім күндер берсе күркіремес,
Арманның ақ көшіне аттана алам.
Адамнан бақыт тілеу мүмкін емес,
Қамқоршым – Жаратушы Хақ тағалам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу