Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  155


Автор: Серікбол Хасан

АҚЫН ДОСЫМНЫҢ АЙТҚАНЫ

Дей жүріп (жұмыр жерді мекен қылып):
«Өмір неткен тәтті еді, балдай мына!»
Жылайтұғын жерлерде бекер күліп,
Жасады екем, Жасаған, қандай күнә!
Жас күнімді бекерге сайрандатып,
Біреулердің мен жүрдім өсегінде.
Қалды екен қайғысыз, қайран уақыт –
Қамсыз күнім қай қыздың төсегінде.
«Қалтаң толып ақшаға, қайғы-қамсыз,
Ләззатына өмірдің батыңыз!» - деп.
Қалпымыздан адамдық айнығанбыз,
Бокалдардың түбінен бақыт іздеп.
«Шарап бізге шын шабыт береді», - деп,
Сіміруші ек селт етпей шайша мына.
Өрнек қосып өзімше өлеңіме,
Қаншама өлең арнадым қайдағыға.
«Қызды сүю – сезімнің шын төресі», -
Дедік біздер нәпсіге ерік беріп.
Сөйтіп жүріп қалыпты күндер өтіп,
Сөйтіп жүріп ағыпты өмір кеміп...
Өкініп-ақ, қалады өлсем жаным,
Соңғы тілек тілейін, мен де Сенен.
Қалған ғұмыр қайғыға көмсең-дағы,
Ендігі өмір ессіздік бермеші, Егем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу