Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  125


Автор: Серікбол Хасан

МЕН ТУҒАН ЖЕР

Мен туған жер –
Мамыражай мекен бір,
Маңында жоқ тау түгілі тасы да.
Малын бағып, майпаң қағып көкем жүр,
Әскердегі ұлын күтіп асыға.
Мен туған жер –
Ерекшелеу дала бір,
Құмға да бай, суға да бай, Хақ берген.
Қарны шығып қалбақтап жүр қара қыз,
Кеше ғана көрші ағамыз ап келген.
Мен туған жер –
Балығымен базарлы,
Бұл күндері азайыпты-ау ол да аса,
Жайылымға асығатын азанғы,
Бірен саран қой-сиыры болмаса.
Мен туған жер –
Венеция – суы мол,
Мен туған жер – құрғап жатқан Сахара.
Құм үстінде құжынаған түйелер,
Жайқын қорып шыр-пыр еткен шағала.
Мен туған жер –
Жұмекендей жырға ынтық,
Ерлерінде Махамбеттің ызғары.
Құрманғазы күй төгілтсе құйғытып,
Хиуаздайын қайсар жүрек қыздары.
Мен туған жер –
Қарапайым қара ауыл.
Құжырамнан ұшырған-ды ел мені де.
Ақ үмітін алға жалғап даланың,
Азамат боп оралайын жеріме..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу