Өлеңдер ✍️
БІЗДІҢ ЖАҚТА
Біздің жақта көк тіреген таулар жоқ,
Шыңдарымен шабыт берер баршаға.
Есесіне тау тұлғалы жандар көп,
Қонақ келсе құшақ жайып қарсы алар.
Біздің жақта өзендер мен көлдер бар,
Балық аулап құмарың бір қанатын.
Сусылдаған құмдар, сорлар, шөлдер бар,
Басқан сайын жаның рахат табатын.
Мекен қылған Қиғаш, Шора жағасын,
Біздің жақтың адамдары – қызба жұрт.
Нұржау менен Қанышкеннің арасын,
Тірлік қылар апта сайын жүз барып.
Қыр өмірі таудағыдан өзге тым,
Тау жоқтан ба, аспан жақын бізге анық.
Бірінен соң бірі жауып күн көзін,
Ала бұлттар қарайтындай қызғанып.
Біздің тілек аспан жаққа заулайды,
Ұмтылады тым биікке асығып.
Арманымыз тауға ілініп қалмайды,
Орта жолда бұлтқа барып асылып...
Біздің аудан – қыры менен суы бар,
Израилдің даласындай көлемі.
Жалыққанда тас қаланың шуынан,
Ауыл жаққа тартып кеткім келеді..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter