Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  121


Автор: Серікбол Хасан

АРМАН

Бір білерім, ешкіммен жоқ есебім,
Өзім сырлас жандармен кеңесемін.
Өзіменен өзі бір жүрген пенде,
Аларым аз, көп бірақ берешегім.
Жылы құшақ күтпеймін ешкімнен де,
(Жылылықты мен өзі кеш білгем бе?).
Жаназама жақсылар келсе болды,
Күнделігім жыртылып ескіргенде.
Жиырманың үшеуін қалдырдым да,
Алға аттадым. Отымды жандырдым ба?
Басқа салған сынағын келем көріп,
Қуанышы бар шығар тағдырдың да?
«Болашақтан күтемін керемет күн», -
Деп жүріп-ақ жастықты елемеппін.
Ана өмірге барғанда – ақыретке,
Не бітірдің десе, мен не демекпін?
Тәубе етуден жоқ менің басқа амалым,
Сәжде сүйіп, жанарға жас та аламын.
Өткен күндер өкініп жатқан кезде,
Қалай болар жаңа өмір бастағаным?
Арманым көп, кеудеде үміт, күдік,
Күнә басам кей кезде біліп тұрып.
Бұ дүниенің бақытын аңсаймын кеп,
Қияметтің қаһарын ұмыт қылып.
Әлі талай суықтан тоңар жаным,
Бар тағдырым көктегі Оған мәлім.
Ақын бола алмасам, өзіме сын,
Адам болып аттансам жоқ арманым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу