Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  186


Автор: Кәкімбек Салықов

ТҮРКІСТАН ЖАЙЛЫ ТОЛҒАНЫС

Түркістан десек, Иасы еске түседі,
Иасауи кетпес жадымнан сонда үш елі.
Арыстан бабты ұлағаттаймын әрдайым,
Қожа Ахметке ұстаз болған кісі еді.
Түркістан десек, Тұранды еске аламын,
Өткенді шолып, түріктер көшін табамын.
Орнатқан Темір Көк күмбезді көргенде,
Көзге оралар көне, жаңа заманым.
Түркістан десек,
Атағын, даңқын жек көрмей,
Тұра алмайды Мағжан ағам сеп бермей.
Қайсар ақын отты көзі жарқ етер,
Түркістан үшін жорықта атылып кеткендей.
Қожа Ахметтің елестер аңыз ғұмыры,
Ар-ұяттың болыпты-ау бекем тұғыры.
Хикметтерін құнығып оқып тебіренем,
Естіліп тұр ғой Алланың жылы сыбыры.
Сол сыбырды қыз-шабыт жырға бөледі,
Сабатта самал қылқалам еркін желеді.
Софылық құрған сүйікті құлы Алланың
Ақындықтың болыпты абзал ерені.
Махаббат мұңы маздатқанда пәк жанын,
«Ғашық қыл» деп жалыну қандай тәтті ағын!
Өмірінің соңын жер астында өткізсе,
Ақын-хазірет адалдығын жақтадым.
Терең оймен толқытса талай мұңды ірі,
Әр жүректе Иасауидің тұнды үні.
Өз еркімен бақиға тірі аттанса,
Шыдатпады-ау жер беті сойқан-сұмдығы.
Қиянатқа жүрегі тозбас жоқ күні,
Кей тоймастың тамсантты жиған боқтығы:
Бар ақылын шен-шекпені жұтқандай,
Кернеді ыза құлқында ынсап жоқтығы.
Сол зомбылық өртеді қанша қиялды,
Дұрысқа бастар таппады-ау әдіс-құралды.
Төзімпаз жұрттың қорлығын көзбен көргенде
Жер бетінде жүруге қатты ұялды.
Хикметтері жүрек шетін тіледі,
Ақынша толқып, хакімше топтай біледі.
Ойтолғағы өзгеше сөзбен жетпесе,
Өлеңмен өріп сая тапты жүрегі.
«Даналық кітап» бар әлеммен кеңесті,
Әр сөзінен мейірбан әділет желі есті.
Қандай бақыт қазақ болып туғаны,
Ол әлемдік даналармен теңесті.
Есім хан бастап қаланың атын өзгертті,
Иасыны сонда Түркістан атап тебірентті.
Хан орда жасап,
Асылдарын қазақтың
Иасауи жатқан кесенеге жерлепті.
Көк күмбезге хан-қара түгел сыйынды,
Түркістан қосты жақын мен шалғай қиырды.
Бар қазақтың ұлы ханы Абылайға
Түркістанның топырағы бұйырды.
Иасауи құрса дін ордасы қайнарды,
Өз басына бақыт құсы байланды.
Түркістаным екінші Мекке атанды,
Қазақстаным қасиетті елге айналды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу