Өлеңдер ✍️
ЖЕЛБІРЕГЕН ТУЫ КЕРБЕЗ КӨКШЕНІҢ
«Арқа ажары» – атың қандай тамаша!
Сүйем сені жұлдыз көрген балаша.
Ашып тұрсаң Есіл-Көкше ажарын,
Дастарханын жайып салған анаша.
Болдың жастай менің асыл тірегім,
Үлгіңді айтып,
Мақтан етіп жүремін.
Осы күнгі «Көкшетау» атты журнал да
Таңғажайып рухы зор түлегің.
Қуанышта шын тебіренсем өзім де,
«Гәккулі» өлке байытты ұшқыр сезімге.
Көкшетауда ер балалар мектебі
Суреті қалды өшпей менің көзімде.
Құттықтасам бүгінгі үлкен жасыңмен,
Мен үшін сен ес білгелі асыл ең.
Ашық айтқыш адамдардың жан сырын,
Қай заманда сен шындыққа ғашық ең.
Тәуелсіздік жаңа шырақ жаққандай,
Шартарапқа даңқың асқан сәт қандай!?
Жаңа заман,
Үрдіс қимыл жыршысы,
Жүре алмаймын сені айтып мақтанбай.
Өскен жерін жақсы көрсе кімде-кім,
Мен солармен жаным жалғас, біргемін.
Жаңалықты білгім келіп елдегі,
Сені көргім келіп тұрар күнбе-күн.
Ел келбетін паш етуді көкседің,
Ардақтайды әр саныңды көрсе кім.
Тоқсан бес жас құтты болсын!
Жайнай бер,
Желбіреген туы кербез Көкшенің!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter