Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  151


Автор: Кәкімбек Салықов

КҮЛӘШ БАЙСЕЙІТОВАҒА

Әншілік ашқан ғажап құбылысын,
Қазақтың, Күләш апай, бұлбұлысың.
Бұл күнде жұлдызым деп бағалайды,
Ардақтап сені бүкіл Күншығысым.
Мақтаныш қазағыма дүлдүлдігің,
Өреңді ерен-ғайып білдірді үнің.
Байтақ ел тойлап жатыр, дана әнші,
Мерейлі құтты болсын 100 жылдығың!
Қыз Жібек десе, Күләш, «Гәккулетіп»
Түсесің еске әлемдік даңқың жетіп.
Әншілік шырқау шыңы Эверестей
Биікке жеттің бүкіл халқыңды ертіп.
«Гәккулеп» шарықтаса сұлу даусың,
Орнайды жан-жүрекке жылы маусым.
Жұлдыздай жайнап тұрған кезің ғажап,
Әлемде бар сұлудан сұлулаусың.
Сын айтар кім бар дейсің мойындамай,
Өзгеден асқан кезің мол ғой талай.
Атақты Батерфляйді әлі күнге
Келеді ешкім артық орындамай.
Үніңе бітті ерке сұлу пәрмен,
Шырқайсың басқада жоқ жанды нәрмен.
Осының бәрі, шіркін, қайдан десек:
Жаралды нәзік жаның асыл әннен.
«Гәккудей» махаббатқа дәру ағын,
Ұлғайттың тірі пенде зәру шағын.
Құбылтсаң Қыз Жібек боп киелі әнді,
Сыйладың Үкілі Ыбырай аруағын.
Атақты Жалғызтаудың бауырында,
Жалықпас бауырларым табынуға.
«Гәккуді» сен айтқанда ойлайды олар
Туған деп Үкілі Ыбырай ауылында.
Сұлушыл бұл жалғанда қызық жанмын,
Өзім де «Гәккулетіп» қызып-жандым.
Дәл сізден аумай туған, Күләш апай,
Қызылжар «супер» сұлу қызын алдым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу