Өлеңдер ✍️
АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ҚАМҚА ТОНЫ
Сахнада тұрды ілулі зерлі тон,
Талай жылдар...
Сандықта жатқан шерлі тон.
Абылай айтқан тәуелсіздік не екенін
Астананың қақ төрінде көрді тон.
Президенттің Мәдениет сарайын
Лық толтырды үлкен-кіші ағайын.
Абылай ханның тері сіңген тонды айтып,
Ардақтадық атамұра арайын.
Жиналған жұрт жүзі жайнап шалқуда,
Көз де тойды,
Сөз де қызды айтуға.
Ертісбаев салтанатты бастаса,
Алматыдан келді Шота, Марфуға.
– Хан атағын көңілге құт жайғаны,
Қай заманғы, тон десеңіз қайдағы? –
Уәли хан бұл фәниден өткенде,
Айғаным сыйлап, алған екен Байдалы.
Айбынды би «асу бермес» қатардан,
«Сегіз бидің семізі» осы атанған.
Аят оқып, тағзым етіп қайтуға
Азалы үйге ақ парызы апарған.
Нұрлы ақылмен ханым сенім ақтады,
Асыл бидің зор беделін жақтады.
Қимас көңіл, сыйлас өмір өткерсе,
Үлкен тарту – хан шапанын жапқаны.
Тонды бидің ұрпақтары сақтады,
Жаңаарқалық Хамзе күтіп-баптады.
Өзгелерге бермесе де жөн біліп,
Мырзатайға бөтен жауап қатпады.
Абылай тоны тарих сырын ақтарды,
Ақселеу де үлкен қызмет атқарды.
Қызғылт қамқа қызықтырып көз тартса,
Абылай ханның бейнесі есте сақталды.
Талай жиын өтсе осылай белгілі,
Көш көркейтті елдің бекем елдігі.
Мәдениет орталығын орнатқан
Елбасының бұл да асыл ерлігі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter