Өлеңдер ✍️
ЖЕЗҚАЗҒАНЫҢ БАС ИІП ТҰР АЛДЫҢДА
Кенге ораған жиырмасыншы ғасырды,
Ұран етіп ғылым туы – асылды;
Сүйікті ұлы – Жезқазғанның төрінде,
Сәтбаевқа жаңа ескерткіш ашылды.
Тас тұғырлы, мыс сыңғырлы қоладан,
Күлімдеді атақ-даңқы мол адам.
Әне, ашылды зәулім мүсін пердесі
Ақ тілекпен ақ жібекке ораған.
Әудем сәтте жан толқынын басыппыз,
Дала дерсің жазық маңдай, ашық жүз.
Мың-мың адам риза болдық, өйткені
Бәріміз де Сәтбаевқа ғашықпыз.
Нәр алып ем кең мінезді ғұрпынан,
Өршеленсем биік өрге тың шығам.
Оны айтқанда Ұлытауша тебіренем,
Алға қарай Абылайша құлшынам.
Албырт күнде жеке-дара алысқан,
Жолы ашылды мыс молайтқан табыстан.
Сол еді ғой жеті қабат жердегі
Шексіз қазына кілтін тапқан данышпан.
Өзі ақиық, шәкірттері шын қыран,
Тасытты олар жез теңізін бұлқыған.
Штифанов, Бөпежанов, Есенов,
Гурба бүгін аунап түсер ұйқыдан.
Қаныш аға!
Қайта туып қалдың ба?
Әлем құрған салтанатқа қандың ба?
Тәжім етіп, алғыс айтып, ардақтап,
Жезқазғаның бас иіп тұр алдыңда.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter