Өлеңдер ✍️
Салқын өлең
Салқын үй. Салқын сәлем. Салқын жеңгем –
Сақина, сырғалары алтын зерден.
Қабағы қыз күнінен ашылмайды-ау,
Қашан да дәл осындай қалпын көргем.
Үйдегі ерке-тотай, «жаман бала»,
Ойынын да бөлмеді маған бола.
Осында ара-тұра келген сайын,
Жылы қабақ танытар ағам ғана...
Салқын шәй. Салқын сөздер. Салқын қабақ,
Бірімізге біріміз мәнсіз қарап...
Өтірік күліп қоям балақайға,
Әйтпесе, отырмын ғой жан сыздап-ақ.
Күйінді ағам: «- Бұл неткен салқын қоғам,
Айналаңның барлығы арсыз, надан.
Қарыздардың үстіне қарыз жамап,
Қыспағына алды ғой, нарқың жаман...»
Далада күз. Ауда салқын сыз бар...
Еске түсті балалық, жарқын жылдар.
Мен де ойландым: Құдай-ау, нендей зауал,
Адамның ниеті мен парқын бұзған?
Салқын ғана қоштасу. Салқын құшақ.
Әйтеуір жүректе ылғи болсын нысап.
Санамда салқын сұрақ сапырылды,
Теңселген бір тынымсыз толқынға ұқсап.
Жалған өмір – қарбалас. Алда – сын көп,
Мұңды ойлар еңсеңді езер қорғасын боп.
...Қымтанып кетіп барам, көше бойлап,
Тағы да салқын тиіп қалмасын деп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter