Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  139


Автор: Қасымхан Бегманов

ӘЛІШЕР

Біздің сапар... сапарларға жалғасқан,
Ырық бермей нарығыңа жармасқан.
Мың бір түннің миуа бағын бір көрдік,
Мың қазақтан артық туған нарқасқам.
Беу Әлекем, қанша белең, қырды астық,
Құдай бізді жаратқасын құрдас қып.
Шанхай жақтың шуағына шомылып,
Бейжініңнің барларынанда сырластық.
Жолымызда қанша алуан сыр қалып,
Сан шаһардың түн ұйқысын ұрладық.
Қатон жақтың қарағайын құшақтап,
Таян жақтың тырналарын тыңдадық..
Бірге барып қанша түрлі ел көрдік,
Аэропорт пен перрондарда сенделдік.
Бес самалет ауыстырып,қаңтарда,
Тынық мұхит айдынында тербелдік.
Қиындықтың не түріне төздік біз,
Қапты жарып шығатұғын кездікпіз.
Хайнан жақтың тауларына таңданып,
Хиуа жақтың көшелерін кездік біз.
Алла осылай жаратқасын берік қып,
Көп нәрсеге бір адамдай келістік.
Африканың ыстығына қақталып,
Арабтардың мақамына еліттік.
Құрдасымсың сахараға сыймайтын,
Кездескеннің көңілдерін қимайтын.
Біздерді кеп қоршап алды ханзулар,
Жинан жақта қазақтарды сыйлайтын.
Торыққанда сен қасымнан табылдың,
Алыс жолда Рәшкүлді сағындың.
Аэропртта Шанхайдайын шаһардың,
Күтіп тұрдық самалетін Сабырдың.
Сағындық-ау ұлы қазақ даласын,
Аңсадық-ау Алаштың бар баласын.
Кесіп өттік Қабатайды қосып ап,
Үрімші мен Саняның арасын.
Соңымызда қалды алуан алыс ел,
Қимай тұрды-ау ескі ойпаң, таныс өр.
Арулардың түн ұйқысын төрт бөлген,
Жігіттің сен сұлтанысың Әлішер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу