Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  153


Автор: Қасымхан Бегманов

АҚЫН ЕДІ ОЛ,АЛТАЙҒА ТАРТЫП ТУҒАН

Еске алып досың жайлы толғанасың,
Жаныңда көптен бірге болмағасын.
Шілікті,
Шүршітсу мен Сарытұмсық,
Іздейді оралмаған сол баласын.
Жаралы жалғыз ұшқан үйректейін,
Шумақ, шумақ өлеңді түйдектейін.
Туған жері
өр Алтай,
ұлы Зайсан,
Қастеев, Бан Гог салған суреттейін.
Дүбірге бала кезден елеңдегем,
Белеңге шыққаннан соң тереңдегем.
Суретші Әбілхандай болмасам да,
Зайсанды суреттейін өлеңменен.
Ши төбе,
Қабырғатал,
Сарманақтың,
Нұрлаштай сырын терең барламаппын.
Жарқ етті-ау
өміріндей, маңына кеп,
Ақ қайран, алабұға жарқабақтың.
Ақарал, Жамбыл,
Дайыр асық атқан,
Балықбай өссін ұлан жасымастан.
Кендірлік,
Батпақ су мен Жарсу, Тәки,
Ақынның жырларындай тасып аққан.
Жіңішкесу,
Қосқора,
Қоғалының,
Тым ерте ағып түсті-ау тобалы ұлың.
Көгедай, Кемпірбұлақ, Қызыл құдық,
Бақасу, Жарсу, Өтеу, Обалының.
Жырларын қайта оқыдым табынғасын,
Сезгесін ондай достың табылмасын.
Жалғыз тал, Жұмсақ арал, Келіншек көл,
Іздейді сол бір ұлын сағынғасын.
Құранды бағыштаған пайдалырақ,
Ондай дос енді бізге қайда бірақ.
Маңырақ, Сайқан-Сауыр, Тарбағатай,
Қараүңгір, Ақшабай мен Айнабұлақ.
Үйеңкі, тораңғы, арша қапталдасқан,
Тасжарған қарап тұрар қатпар тастан.
Жеменей, Ақсу, Ласты, Үйденеңіз,
Зайсанға құяр бір сыр ақтармастан.
Тобылғы, ұшқат, мойыл, доланаңыз,
Бұларда кейінгіге болар аңыз.
Керуен боп кеткендердей, жер бетінен,
Біз-дағы бір жылдары жоғалармыз.
Мәңгілік тарқамайтын тұсы көктем.
Қоңыраулы көлдің ғажап құсы неткен,
Ақ тырна, Сары аққұтан, Қутұмсық қаз,
Дуадақ, Сұқсыр, Құрлар ұшып өткен.
Табиғат заңы солай жылама аспан,
Пенденің пікірінде сұрамастан
Қорыққан жолаушыдан келе жатқан,
Қарсағың әні ініне тұра қашқан.
Сауыр, Сайқан баурайы шұрқыраған,
Маңырақтың сыр айтты бұлты маған.
Алтынтамыр, Шырғанақ, Қойбүлдірген,
Қарақат, жалбыз исі бұрқыраған.
Сыр айтты сыбдыр қағып солар маған,
Жаныңа медеу бір күн болар саған.
Сол ақын Алатауда мәңгі қалды,
Ақ қаздай туған жерге оралмаған.
Тірлікте оңға, солға жүрісі көп,
Әдебиет майданы бұл ірісі көп.
Сол Нұрлан қалды маған мәңгі дос боп,
Қалды ол Ұлықбектің інісі боп.
Сан аман қалдық долы ағыстан біз,
Жоқ болды-ау жазбен кеше тоғысқан күз.
Шын сүйіп бір-біріне серт беріскен,
Сағынды-ау Зайсан жақта табысқан қыз.
Бұлт көшкен Алтай-Сауыр аспанында,
Қос тамшы дірілдейді тастарында.
Бұл өмір жалт береді үркек аттай,
Бал дәурен өте шығар қас-қағымда
Бұл өңір Найман, Керей жайлаған жер,
Бала боп Мәукенұлы ойнаған жер.
Айбалтаның биігі, Басқы Қараш,
Жайлауға шыққанын ел тойлаған бел.
Осындай жерде туған Нұрлан ақын,
Бұ күнде жүректерде тұрған ақын.
Бір жырға сыймайтұғын сұлу болмыс,
Сен менің ұйқымды енді ұрлама түн.
Ол Нұрлан, Мәукенұлы, ақын Нұрлан,
Жаныма мәңгілікке жақын Нұрлан.
Жыр сүйер жас аруды елжіретті,
Құснидай жазған елге хатың, Нұрлан.
Аулақ болды ол, шартық қу, артық шудан,
Ұнамайтын мұңсыз дос, артық думан.
Ардақтаған асылды, адалдарды,
Ақын еді ол Алтайға тартып туған.
Сол Нұрлан Алтайына тартып туған,
Қырандай қара Ертісте қалқып тұрған.
Екеуміз төрт-бес жылдай бірге жүрдік,
Дос едің талайлардан артық туған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу