Өлеңдер ✍️
ҚАРАОЙДАҒЫ МАХАМБЕТ ҚАБIРI БАСЫНДАҒЫ ОЙЛАР
Оу, Едiлдiң бойы елдi қиян,
Жайықтың жағасы жайлы қиян.
Маңғыстау маңы майлы қиян,
Айналайын табындырған,
сағындырған үш қиян,
Атам қазақ жайлаған,
Бейiттерден көрiнбейдi айналаң.
Тарихыңды
бiлер ме екен, өндiрлер,
Алтын далам,
асыл далам, бай далам.
Ештеңе де болмағандай алаңсыз,
Сол даламда өмiр шiркiн қайнаған.
Қараойдағы жетiм үйдей
құлазыған кезiмде,
Мейiрiм мен шапағат бар көзiңде.
Сан сүйедiң асыл ағам қолтықтан,
Ойыл, Қиыл,
Шыңғырлауға
шұбатылып жол шыққан.
Жадау көкке Ақбөбек деп,
мұңын шаққан Қайыптай,
Бұхара жақ бетiндегi Жайықтай.
Шейiтсайдан соққан желдi тыңдағам,
Бiрақ ғажап оның ұлы рухы,
Қобыз бенен домбырадай сынбаған.
Ол бiр үндi жеткiзе алмас
ешбiр жырмен, термең де,
Шерлiлердiң шерлi үнiндей шермен де.
Ары-берi қаша көшкен елмен де,
Көз жасындай мөлдiреген көлмен де,
Оңаша қап сан сырласқам бөлмемде.
Еңсемдi езiп
сан қайғысы
Сарайшық пен Сағыздың,
Көздiң жасын Ақжайық пен Ақбұлаққа ағыздым.
Шындық, шiркiн,
қандай ащы сырлы едiң,
Қараой менен қырғыздағы мұңлы өлiм.
Махамбет пен Исатай,
Кенесары, Наурызбай,
Қайғылары қабырғамды қаусатып,
Көкiрегiмдi қарс айырып жүр менiң.
Алашым деп
кеткен қайран қос құрбан,
Ер Махамбет,
Атай, Матай қос құмнан.
Екi аяқты адамдардан безiнiп,
Төрт аяқты қасқырларды дос қылған.
Қатынжанды
еркектердi ертпестен,
Қылыш сүйiп,
ай астында серттескен.
Халық мұңы
жер басқызып,
жүргiзбеген ұлтандай,
Топырақшағыл,
Үшбөкенбай қыр қандай.
Сай-саламен жүре алмады ерлерiм,
Хиуаға тұра қашқан сұлтандай.
Айдалада аңыраған аймаңдай,
Сорға мiнген Сорлыкүрең сормаңдай.
Озбыр орыс,
сатқындар мен жансыздың,
Ойдағысы болғандай.
Бiрақ тарих
бәрiн бүгiн өз орнына қойғандай.
Жолдыкүрең,
Көгiлдiр ат жер тарпып,
кiсiнейдi түсiмде
Екi жүз жыл
өткеннен соң,
дүбiрлеген мынау бiздiң той қандай.
Адыра қап алтыбақан,
сауық-сайран,
бұла түн,
Ауызында адырнаның
алты оғы бар ұлы ақын.
Денесiз бас, үнсiз, тiлсiз, түнерiп,
Қара түнде көзiмiздi iлсем,
маған қарап тұратын.
Көңiл шiркiн, болса-дағы қылаусыз,
Жүз жиырма жыл ескерусiз,
сұраусыз.
Жатты-ау... ақсын көздiң ыстық сорасы
Қойылмады-ау ең болмаса
ескерткiштiң қоласы,
Алты Алаштың жайсаңдарын жасытты,
Бассыз көмген арыстандар моласы.
Олар бiздiң жаратылған
таңның алтын нұрынан,
Сағым жүзден Самның сары құмынан.
Ат артына ақ найза мен
айшықты ту байлаған,
Өзiн емес, ұрпақ қамын ойлаған.
Ақ боранда ауыздықпен алысып,
Ұшқан құспен жарысып.
Тiзесiмен жарып өтiп Жайықты,
Жолбарыстың жымымен,
құм iшiне терең ары бойлаған,
Қамалаған қара құрым дұшпанды,
қақпақыл қып ойнаған.
Қиғаш үшiн қырылып,
Қызыл қанды төгiсiп,
Едiл үшiн егесiп,
Тептер үшiн тебiсiп,
Ер үстiнде жеп iшiп.
Көрген жұртты естерiнен тандырған,
Күмбiрлетiп күй тартып,
өткен жерiн ән қылған.
Исатай мен Махамбеттiң жорығы,
Қасым салған қасқа жолды шаң қылған.
Есiм салған ескi жолда сүрлiккен.
Алла бiздi айырма деп бiрлiктен.
Зеңбiрекке қарсы шапқан батырларды есiтiп,
Петербор мен Орынбордың дүрлiккен.
Таңдап түскен ата жолдан қайтпаған,
Жеке бастың қайғысын,
әңгiме деп ешқашан да айтпаған.
Баз кешсе де тiрлiктен.
Алатау мен Қаратауды айналып,
Осы өлкенiң өткендерiн ойланып,
Жетiсудай жасыл белден,
Ер Махамбет басын берген.
Сол қырық төрт жасымда.
Қасқа, жайсаң қасымда.
Тарихқа найзаменен атын жазған жан бабам,
Мәңгiлiкке асау жыр мен
хатын жазған жан бабам.
От шашырап,
жалын атқан сөзiңе,
Бостандықтың жолында
бассыз қалған өзiңе,
Бас июдi парызым ғой деп бiлдiм.
Екi жүз жыл өткеннен соң арада,
Қараойдағы қабiрiңе ағамменен кеп тұрмын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter