Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  153


Автор: Қасымхан Бегманов

ТӘУЕЛСIЗДIК немесе Нәзiр Төреқұлов жайлы жыр

Ар жағында анау мұңлы адырдың,
Қатар жатыр бабалары Нәзiрдiң.
Он үшiнде топты жарып сөз сөйлеп,
Он бесiнде атқа мiнген қадiрлiм.
Санаменен салар болсақ сарапқа,
Талай иттiң тiсi қалған балақта.
Сүйген оны Мекке,
Мәдинамыз да,
Сегiз жылдай Елшi болған Арабта.
Толқыдым мен жанарыма жас келiп,
Ендi мiне,
жатыр жұртың ас берiп.
Төреқұлов деген атқа әлi күн,
Елеңдейдi Орынбор мен Ташкент.
Түсiне енiп сан оятқан кең дала,
Тәуелсiздiк алды халқың, жеңдi аға.
Қызылорда ұмытпайды ешқашан,
Ұмытпайды ешқашан да Ферғана.
Қаншама әлi арналады жыр-дастан,
Куә болар жұлдызды аспан, түнгi аспан.
Корольдармен карта ойнап жат жерде,
Шахтарменен шай үстiнде сырласқан.
Жыласа егер Тұраным деп жылаған,
Құларында құраным деп құлаған.
Мәскеуiңде Мағжандарға пана боп,
Тоғыз тiлдi терең бiлген ғұламам.
Би секiлдi сөйлегенде шешiле,
Өмiр жолы ұрпақтарға несiбе.
Бас қойғанда қасиеттi қағбаға,
Түркiстаны түстi ме екен есiне.
Адал еңбек етiп кеткен Отанға,
Парасаты келедi оның Шоқанға.
Оқу iсi жайлы қанша толғанды,
Комиссар боп жүрген кезде Қоқанда.
Жан-жағынан екi-үш мықты топ қысқан,
Тiсiн қайрап жүрген олар көп дұшпан.
Шiлде айының он бесiнде қамалып,
Қарашада Алаш үшiн оққа ұшқан.
Ар жағында анау мұңлы адырдың,
Қатар жатыр бабалары Нәзiрдiң.
Он үшiнде топты жарып сөз сөйлеп,
Он бесiнде атқа мiнген қадiрлiм.
Шет-шегi жоқ мұра еткен iсiнiң,
Үлгiсi ол елiм деген кiсiнiң.
Ортамызға қайта оралған жайсаңым,
Туған жерге жарасып тұр мүсiнiң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу