Өлеңдер ✍️
ЕСКI СУРЕТТЕР
Суреттер қайран сарғайған,
Көңiлдi мынау жаңбырлы кешкi арбайды ән.
Қол бұлғап тұрған жағалау-жастық шалғайдан,
Ескi суреттен тесiлген қыршын бозбала,
Қабаққа жауған қар қайдан?
Суреттер қалған ескiрiп,
Алыс жылдардың тұрғандай даусы естiлiп.
Әкемнiң досы егiлген сәтте бiр тойда,
«Мас болып қалды», – дестi жұрт.
Сан сауалдарға жауап таба алмай тұрамыз,
Тарихын оның қарттардан ғана сұраңыз.
Ескi суреттер,
сендердi бiрақ не қылсын,
Иiн ағашпенен су алып қайтқан мына қыз.
Тыңдадым ғажап тарихтарыңды тамсана,
Сарғайды бүгiн сан алуан сурет қаншама.
Тағдыр қаталдау болса да жаным шаршама,
Iзгiлiк тiлеп жер басып жүршi баршаға.
Жаралы менiң жүрегiм,
бүгiн жаралы,
Айта алмай жасты,
тұрғандай мұңлы жанары.
Суреттен маған қаншама жандар қарады...
...Қараймын көкке,
тiзiле әне тыраулап,
Көктемге қарай тырналар ұшып барады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter