Өлеңдер ✍️
Жалғыз қалған жолбарыстай жаралы ем...
Жалғыз қалған жолбарыстай
жаралы ем,
Күңгiрт тартты-ау мөлдiр әлем, бар әлем.
Жүрегiме шоқ түсiрдi қайтейiн,
Тамағыңның астындағы қара мең.
Сол қара мең, сол қара мең, қара мең,
Қара меңдi гауһарыма балар ем.
Самал болып терезеңнен ене алсам,
Сенiң қара шаштарыңды тарар ем.
Сенiң қара көздерiңде мұң тұрды,
Менiң қара көздерiмде жыр тұрды.
Өзiмдi өзiм ұстап қалдым бiр түрлi,
Ал қиялым құшақ жайып ұмтылды.
Сенiң қара көздерiңде күнә тұр,
Менiң қара көздерiмде күнә тұр.
Жүрегiмде басталады ма сұрапыл,
Жүрегiңде басталды ма сұрапыл?
Ғашықтық дерт,
жалбарын дер, жыла дер,
Құдайым-ай,
сабырлырақ қыла гөр.
Топырақтан тысқары боп қара мең,
Жасырынып ақ тамақта тұра бер.
Жалғыз қалған жолбарыстай жаралы ем,
Күңгiрт тартты-ау мөлдiр әлем, бар әлем...
Суырып алды жүрегiмдi кеудемнен,
Тамағыңның астындағы қара мең.
Ғашықтық дерт бойдағы бар асылым,
Ұлы жолда қайралдым да,
жасыдым,
Аяқ асты болмас үшiн сұлулық
Қара шаш пен ақ тамаққа жасырын.
О, қара мең, қара мең.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter