Өлеңдер ✍️
Он төртiншi туған айдай, нұрланып...
Он төртiншi туған айдай, нұрланып,
Келе жатсаң жiгiт қарар ұрланып.
Аппақ дүние
аяғыңның астында,
Өз-өзiнен жатыр жаным жырланып.
Табиғатың сұлулықты сыйлады,
Еркелiгiң талайларды қинады.
Тарбағатай
тауларындай тәкаппар,
Түркiстанның қыздарындай ибалы.
Анамдайын аяулысың қара көз,
Мұңлы жырға таяумысың қара көз.
Алматыда
кездестiрдiң кездейсоқ,
Ақындардың қаяулысын қара көз!
Қара көзiң күлiмдейдi төккен нұр,
Жан жүрегiң бастаудайын мөп-мөлдiр,
Күлкiң сенiң
сыңғырлаған алтыным,
Самал сынды жаңа желпiп өткен бiр.
Қарашықтан қалқып ұшқан қыран ем,
Қаратаудан құлай аққан бұлақ ем.
Жер бетiнде
бақыт бiреу болса егер,
Құдайдан мен саған бер деп сұрар ем.
Қаршадайдан өскен едiм жырменен,
Белдестiрдi тағдыр қатал сынменен.
Сенi есiме
түсiредi бұл жылдар,
Тереземнiң түбiндегi мұңлы емен.
Көктемдегi жас шыбықтай бүр жарған,
Сенi көрсем тербетедi нұрлы арман.
Шығыс қызы
шұғылаға шомылған,
Кiмнен кейiн қалмас дейсiң бұл жалған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter