Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  141


Автор: Қасымхан Бегманов

Қиялдадым, армандадым, арыдым...

Қиялдадым, армандадым, арыдым,
Қай қиырда жүр екенсiң жарығым.
Түнiменен қараушы едiм мұңайып,
Терезеңнiң сөнбейтұғын жарығын.
Қай қиырда жүр екенсiң, аппағым,
Жер бетiнен өзге бақыт таппадым.
Жардан құлар қиын сәтте кенеттен,
Елесiңмен мен бейбақты сақтадың.
Қай қиырда жүр екенсiң, ардақтым,
Қаншама жыл өзiмдi-өзiм алдаппын.
Боталатты көздерiмдi көктемдер,
Сыздатқалы жүрегiмдi сартап мұң.
Қай қиырда жүр екенсiң, қымбаттым,
Ұйықтап жатсам түсiмде кеп тiл қаттың.
Үйге сыймай кеткен сәттер тау кезiп,
Жапырақтың, құстың үнiн тыңдаппын.
Мұңым шақтым кiнәсi жоқ бақтарға,
Тиылғалы қос күз өттi хаттар да.
Ерке елесiң маған медеу тiрлiкте,
Суретiң де сақталмапты, сақтарға...
Қажыдым мен, бұл қажуда шырын бар,
О, махаббат жүрегiмдi ал, жырымды ал.
Жалт ете қап, жоқ боп кеткен он сегiз,
Жанарымда тамшы жас боп тұрыңдар,
Сендерге әлi айтылмаған сырым бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу