Өлеңдер ✍️
Шеттегi көше, жүретiн ойнап бiр бала...
Шеттегi көше,
жүретiн ойнап бiр бала,
Шалқаңнан жатып
қараушы ең ұшқан тырнаға.
Кешiр сен, досым,
жасы емес көздiң, басқа емес,
Көтерiп сенi тұрғызып алар жыр ғана.
Еске алу ауыр,
еске алу ауыр,
еске алу ауыр, сол түнi,
Өзiңдi түгел Оңтүстiк еске ап толқыды.
Шығарып сенi баратты соңғы сапарға,
Машиналар мен адамның шексiз толқыны.
Желбiреп желмен
қап-қара сенiң шаштарың,
Қара жер жұтты
қара көздердiң жастарын.
Қаралы хабар кернедi, досым, сол түнi,
Тұнжырап тұрған қаланың мұңлы аспанын.
Қайғысыз,
қамсыз осындай әсем шат күнде,
Өмiр аспаннан
жұлдыз боп мәңгi ақтым де.
Қаралы әуен ойнады туған көшеңде,
Жаттың сен қарап жарқырап тұрған ақ күнге.
Елжiрей сүйген сезiмтал жүрек соқпайды,
Тiрлiкте мына осыдан өткен жоқ қайғы.
Кiрiп келер деп есiкке қарап елеңдеп,
Аяулы анаң, сүйкiмдi жарың жоқтайды.
Әкесiз күнiн сәбилер қалай батырсын,
Арманың сенiң ұлыңды алға шақырсын.
Шуылын естiп машиналардың сен бүгiн,
Биiктен туған қалаңа қарап жатырсың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter