Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  97


Автор: Қасымхан Бегманов

ШҮБЕРЕК

Тым алыста қалған сол үмiтi едiм солардың,
Адам көркi шүберек,
шүберекке орандым.
Бақ пен тақтан сен түгiл
патшалар да жеңiлген,
Үш-төрт кездей шүберек әкетерiң өмiрден.
Байлық жақсы-ау,
бiрақ та,
ойлан-ойлан жас ұрпақ,
Өнерiне елiңнiң қарамашы тосырқап.
Көңiлiңде не барын бiле бермен сенiң мен,
Бiзден бұрын өткеннiң бәрi ажалдан жеңiлген.
Бар өмiрi адамның
шүберекке тәуелдi,
Шүберектен тiгiлген портфелiм де әуелгi.
Неге, неге ұзадым
бұлыңғырлау бүгiннен,
Шүберектен алғашқы иткөйлегiм тiгiлген.
Адам көркi шүберек,
шүберекке орандым,
Жанарыңнан үзiлер бiр тамшы жас болармын.
Екi-ақ сөзбен бағалар,
қайран асыл ағалар,
Шүберекке оранып талай жайсаң жоғалар.
Кетiп жатыр ар жаққа,
толқын-толқын қайық боп,
Үш-төрт кездей сұрыппен
жайсаңдарым ғайып боп.
Кетiп жатыр,
кетедi үш-төрт кездей сұрыппен,
Қазақ дейтiн ұлы жұрт тастап кеткен ғұрыппен.
Парығына жете алдым,
лақаттың ба ненiң мен,
Кетедi адам үш-төрт кез аппақ түстi кебiнмен.
Мұзды шайна, отты жұт,
шыдамасаң шоқты аса,
Ел деп соққан бейкүнәм талып барып тоқтаса.
Естiлмесе кеудемнен
жүрегiмнiң дүрсiлi,
Шүберекке оранып кетiп қалсам бiр күнi.
Кешiрiңдер қайран ел,
қардай аппақ арым бар,
Шүберектi көргенде менi де еске алыңдар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу