Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  166


Автор: Ұлықбек Есдәулет

КЕШКІ КӨРІНІС

Дымқыл шөпті таптап өтті өкшелер,
Күл ішінде күні бітіп, шоқ сөнер.
Суық сүйер айдын бетін айнадай,
Қараңғылық бет-жүзіңді өпсе егер.
Шырт еткенде құрғақ отын шаласы,
Шашырайды жарқ етіп шоқ, қарашы.
Аяқ құрғыр мұнарды илеп тізеден,
Қараңғылық отты үрлеп тұр шамасы.
Ғасыр бойы кімді кімдер иледі?
Біз жерді, әлде, жер біздерді биледі?
Өмір-бақи шөлі қанбас көмейге
Бір-ақ уыс топырақ па тигені?
Жанарыңнан жарық сәуле сұйылар,
Қара түнек көзіңе кеп құйылар.
Түн ішінде жалын ғана әндетіп,
Самайыңа күміс қырау жиылар.
Түн күрсінді.
Су бетінде сарқынды —
От сәулесі шағылыса шарпылды.
Қызыл көзі қайта ашылған көмірден
Күлгін түтін қайта туып шарқ ұрды.
Жүзімізде үрей табы жарқырар,
Ерніміздің желімденген қалпы бар.
Үйеңкінің жапырағы шырқырап,
От ішінен таңға қарай талпынар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу