Өлеңдер ✍️
ХАЙУАНАТТАР ДҮКЕНІНДЕ
Құс сойып,
Тұлып жасау шеберісің,
Өзіңше өжектейсің өнер үшін.
Шыбықпен қанаттарын кергеніңде,
Сол құстың самғарына сенемісің?
Қауқиып,
Қатып қалған құсқа қарап,
Тұрмын мен қылығыңды күстаналап.
Селт етпес сенің сілті сезіміңдей,
Серпіліп сермелер ме қысқа қанат?
Аққулар, үйрек, шымшық, қарғалардан
Қаңырап аспан бос қап,
Сорлады орман.
Денеден қанатты жан жұлынған соң,
Пыр етіп мазмұн ұшып, форма қалған.
Атымен заты олардың табыспайды,
Сызылып көмекейден ән ұшпайды.
Кетті ғой аспан суып өлген құсқа —
Талайдан бұл да бізге таныс қайғы.
Көзіне шыны орнаттың ойып алып,
Енді олар нені көрмек — өлі, ғаріп?
Көк аспан, кең жаһанның орынына
Бұйырды тар дәліздің төрі нағып?
Еркіндік —
Еркін құсқа тиесілі,
Шеберім, көкейіңе түй осыны.
Самғауға, қалықтауға жаралғанның,
Қашанда соғып кетер киесі ұлы.
Ноқаттай құстар көкте пайда болар,
Нүкте боп өлген соң да қалмақ олар.
Тамшы — оқ,
Ноқат бейне бытыра ғой,
Секілді алтын тозаң жан жоғалар.
Қастасқан қанаттымен, қысқасы, кіл,
Тұлыптың табылмайтын ұстасы бұл.
Қолында мезгілді де ұстамақ боп,
Өзімен табиғаттың ұстасып жүр.
Бекерге ұстасады ол,
Тұлыптардан,
Бұрқырар ажал иісі сіңіп қалған.
Ол кейде өз кәсібін қарғағанда,
Құлайды өлі құстар сырықтардан,
Ұшады қауырсындар,
Терезе ашық,
Үрейлі үкі күлер жуық маңнан...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter