Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  98


Автор: Ұлықбек Есдәулет

МОЙЫНДАУ

Махаббатыма нарық жетпейді,
Тарту да сонсоң дәметпен,
Күндерім кетсін тәрік боп мейлі,
Күйіне қойман ерек мен.
Ғашықтық дертпен дуаланыппын,
Жүрегім күйіп жануда,
Бір өзің үшін туа қалыппын,
Тәңір деп сені тануға.
Ес-түссіз саған берілгендігім,
Жебеді мені бәрібір:
Жанымнан менің өрілген жырым,
Сырымды шертіп әлі жүр.
Мәңгі мұздарды соншалық қалың
Ерітіп өтсем дедім мен,
Өлі тасқа да жан салып, жаным,
Тірілткім келер деміммен.
Бірақ та біреу табыла қалса,
Орныма құштар соншама,
Кешіре алмаймын,
Жаныма қанша
Жақын бір досым болса да.
Масқаралар ем,
Қарамас едім,
Жұлар ем оны жүректен,
Бір сөз айтуға жарамас едім,
Өзің, тақсыр, бірақ мен!
Өзің деп ән сап өтемін әман,
Қолымда ситар сынғанша,
Сен аман болшы,
Жетеді маған,
Сағыныш қалса, мұң қалса.
Қаптаған қырсық, басып та көміп,
Жатса да мені жерлеп тым,
Бақытты болып,
Ғашық та болып,
Бәрібір қала бермекпін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу