Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  95


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АЛЬПІДЕГІ ТҮЙЕЛЕР

Таң қалдырып Грацтың жаранын,
Төрт түйе жүр көшесінде қаланың!
Атамекен Алматыдан — Альпіге
Қалай жеткен тоздырмастан табанын!
Сабылды екен қанша жолда қаншама ай,
Осы өлкеге жету үшін шаршамай?
Батыс Еуропа адамының көзінше
Төрт түйе жүр маңғаз басып өзінше.
Өр тұлғалы тәкаппар бір хайуандар,
Сәл сезілер арықтығы — сезілсе.
Мен сенбеймін хайуан десе түйені,
Жануардың бәрінен де ол киелі.
Дивизияны тіркемеге алды олар:
Сүйрегені — зеңбіректер, арбалар.
Қос өркешті, момын, жуас, сырмінез,
Өр де сергек, күй талғамас шаруалар.
О баста олар әлде екі жүз төрт пе еді,
Әлде үш жүз төрт, әлде одан да көп пе еді?
Тажал соғыс тегіс жалмап, төртеуі-ақ,
Тау қаласы Грацқа жеткені.
Адам үшін бәрін тартып азаптың,
Сан жақсылық жасады олар ғажап тым.
Ешқашан да, еш уақытта біз енді,
Ұмытпаймыз түйелерін қазақтың!
Бойында ұлы қасиет бар сияқты,
Ойында ірі қасірет бар сияқты.
Келе жатыр тылсым сырлы түйелер,
Шулы қала көшесінде шуақты.
Қос өркештің арасынан Альпі жақ,
Мұз өркештей көрінеді жарқырап.
Көп трамвай арба артынан ереді,
Темір жолын түйе керуен тартып ап.
Трамвайға түйе көңіл бөлмейді,
Ал трамвай үркіткісі келмейді.
Жайбасардың жай жүрісін кешіріп,
Саңғырлатып қоңырау да бермейді.
Топ трамвай жол кезегін тосқаннан,
Қарағұрым.
Нән түйелер басқан маң.
Жол жөнекей жеп жүр олар жапырақ,
Теміржолдың бойындағы каштаннан.
Батыс Еуропа адамының көзінше
Төрт түйе жүр маңғаз басып өзінше...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу