Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  225


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЕСКЕРТКІШ

Жетелеп тіршіліктің соқпақтары,
Бейуақыт байыздатып тоқтатпады.
Кезбенің үмітіндей күндер өтті,
Жағалай қағып жүрген көп қақпаны.
Тас сана.
Темір жүрек.
Жабық бәрі.
Жаныңның кімге дәрі жабыққаны?
Биік тұр тағдырыңның шамдары да,
Түспестен өз түбіне жарықтары.
Тұр әне тас та өніп,
Темір де өсіп,
Келемін арасында өмір кешіп.
Құндақтап неге мені тербетпейді,
Жер деген жемсауы кең жебір бесік?
Қаптаған қапталымда сұр мүсіндер,
«Әлі де тасқа айналмай жүрмісің?» дер.
«Сен неге мен сияқты жалғызсың?» деп,
Аспанның үңірейткен ұңғысын көр...
Мұншама ауыр жүкті көтеруге,
Шамам жоқ,
досым да жоқ,
нөкерім де.
Тұлғам — тас, жүрегім — мұз, миым — темір,
Тот басып, терлеп барам қапелімде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу