Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  203


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АҚЫРЕТТЕ ЖАЗЫЛҒАН ЖЫР

Мен өлгенде
ешкім айып тақпады,
көп күнәмді жіпке тізіп жатпады,
азаматтар ағыл-тегіл қаптады,
талай ару аза тұтып жоқтады,
ақ балшыққа бет-бейнемді түсіріп,
дос мүсінші өз парызын ақтады,
дос дәрігер жүрегімді мәпелеп,
сылып алып,
спиртке сап сақтады...
Шыны ыдыста,
мөлдір зәһар ішінде,
жүрегім тұр өзгертпестен түсін де, —
батып кеткен тереңіне теңіздің
сүңгуір бір қайық тектес пішінде,
ұйықтап жатып туған жердің қойнында
жүрегімді көремін мен түсімде,
бір жас ақын
басыма кеп дұға оқып,
гүлін қойды жүрегі жоқ мүсінге.
Қайран жүрек,
мен өзіңсіз пақырмын,
қара жерде қор боп босқа жатырмын,
еріккен жұрт ентелейді ыдысқа
«көреміз, деп, от жүрегін ақынның»,
(көрсін, білсін — ұқсас па екен, жоқ па екен,
жүректері мұсылман мен кәпірдің?)
өлгенде сен суарылсаң спиртке,
мен тіріңде ащы мұңға батырдым.
Көрдің, жүрек, көкірегімнің түрмесін,
аттандырдың талай-талай жыр көшін,
тіл менен діл жарылған соң екіге
жыр да сенен аулақ салды іргесін,
айтар ауыз, тыңдар құлақ болғанмен
сенсіз жерде сусылдаймын құр несін?
...Жүрек, сені тіске басып біреулер,
спиртіңді сілтей салып жүрмесін?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу