Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
13.06.2022
173
БАС ПАЙДА
Ақыл кірді аздаған,
Ақындықты қойғам жоқ.
Қаңқылдайды қаз — заман:
— Қанатыңды байлан, — деп.
Ал, байландым!
Ал, ұштым!
Болмаған соң кеу-кеулеп.
Заманыммен жарыстым
Қанатымды жел кеулеп.
Атым шықты аздаған,
Ақындықты қойғам жоқ.
Тақылдайды таз — заман:
— Бас пайдаңды ойлан, — деп.
Ал, ойладым бас пайда, —
Аллалы құл арымас.
Көлік қайда, көш қайда?
Қарын тойса, көңіл — аш!
Жан-жағыма қарасам,
Жан сауғалар айла жоқ.
Жердің беті — ала шаң:
— Пайда! Пайда! Пайда! — деп.
Мен де ойласам бас пайда,
Сен де ойласаң бас пайда,
Ол да ойласа бас пайда,
Бәрі ойласа бас пайда...
Бақай есеп, бықсық ой
Бар әлемді баспай ма?!.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter