Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
13.06.2022
99
ҚАНСОНАР
Құба жонды
Қымтап қапты қар бүгін,
Қырға шығып,
Қарды кешіп қаңғыдым.
Қансонарда шұбырта әкеп шашқан кім,
Қарақұрым құстың ізін, аң жымын?
Ұясынан ұзап ұшқан ұзақтай
Ұмытсам деп дүниенің тарлығын,
Апанынан алыс жортқан арландай
Қай қияда кездесер деп қанды күн?
Аң болсаң да, құс болсаң да арқала,
Пешенеңе жазған болса нар жүгін.
Тіршіліктің шимайының белінен
Екі-ақ сызған ізі мынау шаңғының.
Әріптері сайрап жатқан ақ кітап,
Әліпбиге алар ма еді әрбірін?
Әлде, осылай аң мен құстың тілінде
Нұқ пайғамбар жазды ма екен жарлығын?
Қар бетіне көшсе дедім, шіркін-ай,
Құс ізіндей менің дағы бар жырым.
Қадалған көз қапы қалмай оқысын,
Қарда қалған бір жүректің зар-мұңын.
Қар ерісе — бірге ерісін қарғын боп,
Берсе — берсін қар суының тағдырын!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter