Өлеңдер ✍️
МҰҢЛЫ ӨЛЕҢ
Мәлім маған мынау жақ:
мынау көше, мынау бақ,
мен сырғанақ тебетін
мұрша тапқан мұзойнақ,
мұнарланған ескерткіш —
мүлгіп кеткен қыраулап,
мысқыл күлкі тұрғандай
миығында жын ойнап,
май тоңғысыз айлы түн,
мысықтайын мияулап,
майы азайған майшамдай
мөлиген ай тым аулақ,
марғау аспан мызғиды
малма тымақ мұң орнап,
мәжнүн талдар майысып,
мәлкілдейді тұмаурап,
монтансыған әлемнен
мен де тұрмын сыр аңдап —
мамыражай мезетте
мазасы жоқ тірі аруақ,
майқан-майқан көңілім
мыжығандай піл аунап,
мертікті ме білмеймін
мінген атым лаулап,
мойынсұнбас жүрегім
мұз үстінде жүр аунап,
марту басқан секілді
мысты құртып бұғаулап,
маңып жатыр миымнан
мың-мың сұрақ тыраулап,
мал қайырған малайдай
мағынасыз құраулап,
мұң меңдейді бойымды,
миымда сан сұрау қап:
— Мәні қайда өмірдің?
мұны табар кім ойлап?
мезгіл өте бере ме
мөлдірімді лайлап?..
... мыңқ етпейді мына әлем,
мынау көше, мынау бақ...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter