Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  128


Автор: Ұлықбек Есдәулет

БІЗ ТУРАЛЫ ӨСЕКТЕР

«Ақын деген шетінен жүргіш халық,
қос қатынды тастайды бір қыста алып.
Берекесіз тұрмысы,
тірлігі де,
қаңғып жүрер штаттан кіл қысқарып.
Қалтасында қашанда көк тиын жоқ,
өзгелердің күнелтер тек миын жеп.
Ақындардың бәрі де ақымақ қой,
көбелектей күйетін отқа үйір боп.
Осы ақынның бәрі де арамтамақ,
ел адақтап жүгірер жалаң қабат,
ішіп алса ісінер көкті тіреп», —
дейді біреу біздерге жаман қарап.
«Қарсы шығып қоғамға қай-қашан да,
дұшпан іздеп жүреді тайласарға.
отқа тартсаң шетінен боққа қашып,
отырмайды бір жерде байласаң да.
Елдің ішін бүлдіріп ала тайдай,
абиырдан айрылар алақандай.
Ақындарға, айтшы осы, не жетпейді,
сорлап жүріп кітабын тарата алмай?
Килігеді сөзге де,
басқаға да,
әумесер ғой ұқсаған жас балаға.,
қасапқа кеп қырылар қойдай болып
топырлайды барлығы астанаға...», —
дейді біреу біздерден қауіптенген,
оташыдай ішіңді жарып көрген,
ал дәл соның жоғалтқан
ар-намысын
Ақын емей кім екен тауып берген?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу